"Әр үйдің есігінің алдына жасақ қойған": Шымкенттік кәсіпкердің ұсталуы тұрғындардың жаппай наразылығын тудырды
Шымкентте бизнесменнің ұсталуы дау тудырды. Алтын бұйымдарын шығаратын кәсіпорынның қызметкерлері жолды жауып, зауыт ашуды талап етті. 40 шақты адам ұсталды, оларға қандай жаза қолданатыны белгісіз, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында үш күннен бері тыныштық жоқ. Полицейлер мен арнайы жасақ көшені бақылауға алған. Дәл осы ауылдағы алтын шығаратын цехқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасағы басып кіріп басшыларын тұтқындаған. Фирманың жұмысын тоқтатқан. Цех ішіндегі алтынды да түгел алып кетіпті. Содан бері не жұмыс, не басшылардан хабар жоқ деген тұрғындар наразылыққа шықты.
"Осыншама халықты жұмыссыз қалдырмассыз деп ойлаймын. Халық жұмыссыз қалды, несиелері, бала-шағасы бар. Автоматтарымен басып кірді. Кешке таман жұмысқа жиналып едік, бізді де итеріп, соғып, жолатпай қойды. Тіпті ішке басшысын да кіргізбейді", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлшат Бейсенова.
Үш жыл бұрын іске қосылған алтын бұйымдарды өндіретін цехта осы ауылдың 100-ден астам тұрғыны жұмыс істейді. Жұмадан бастап жабық тұрған кәсіпорынға айналдыра қарулы жасақ қойылған. Содан бері үйден шықсақ, полицейлер айыппұл салып, көшеге шығу мұң болды, дейді тұрғындар.
Ал "Астана" арнасының мәліметінше, компания иесінің туысы әлі күнге дейін ресми айып тағылғанмағанын айтқан.
"Інімнің, оның ұлы Жасұланның қайда екенін білмейміз. Дәл қазір осы бизнеске жауапты ұлы. Оларды алып кетті, олар қазір тірі ме, жоқ па білмейміз. 3 күн өтті. Жыл сайын осылай келеді. Былтыр олар келген кезде аудан әкімі бізге барлық өнімді қайтаруға көмектесті", - дейді зергерлік кәсіпорын иесінің ағасы Асан Ибрашев.
Ол бұл әрекеттердің "тонау" екеніне сенімді.
"Үш күн болды, халық далаға шыға алмай қалды. Әр үйдің есігінің алдына жасақ қойып қойған. Бүгін жексенбі, еш мүмкіндік жоқ, не түсіндірмейді", - деді Асан Ибрашев.
Тұрғындар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің келуін талап еткенімен, басшы түгілі орынбасарлары да төбе көрсетпеді. Ал үш күннен бері осында жүрмін деген Абай ауданының басшысы мардымды мәлімет бере алмады.
"Бұл жерде жерасты байлықтарымен алтын, кен әкеліп, алтын өнімдерін шығарып жатыр деген мәлімет бар. Қаншалықты заң жүзінде істелініп жатқаны белгісіз", - деді Абай ауданы әкімі Бұхарбай Парманов.
Алтын шығаратын цехтың ашылуын талап еткен жұмысшылар жолды жаппақшы болған. Бірақ темірдей тартылған тәртіп сақшылары 50-ден астам адамды тырп еткізбеді. Тіпті полицейлер кемпір-шалға да қарамай, барлығын басып алып кетті. Осылайша бір сәтте ауыл іші азан-қазан болды, полицейлер қарттарға да қол көтеріпті.
Бірақ Алтынтөбе ауылында ұсталған 40 шақты азаматтың қандай жауапқа тартылғаны белгісіз. Өйткені полиция да, Ұлттық қауіпсіздік қомитеті де бұл туралы мәлімет беруден бас тартып отыр.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
