Әр көлікке тек 2 мың теңге: Шымкентте көлік жүргізушілері автогаз таппай жүр
Шымкентте көлік жүргізушілері газ құю үшін күні бойы жанармай бекеттерін аралайтынын айтады. Тапқан күннің өзінде әр көлікке 2 мың теңгеден артық құймайды екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде Шымкентте газ тапшылығының пайда болуына қаладағы мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болған.
“Таңғы 07:30-дан бастап келдім. Түскі асымды ішуге барғанда да кезек көп болды. Бірақ сағат 13:00-ге дейін және түнгі 12-ге дейін газ жоқ. Мүлдем таппайсың, бағасы 64 теңге. 2 мың теңгеден артық құйып жатқан жоқ”, – деді жүргізуші Давран Әбдиев.
Шенеуніктер жөндеу жұмыстары жүргізілген 3 аптада Шымкенттегі газ қорын 29 мекемеге үнемдеп таратып беруге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Сондықтан 215 бекет шектеулі мөлшерде беріп отырған. Зауыттың уақытша тоқтауынан бөлек, газ құятын көліктердің күрт көбейгені де қиындық тудырыпты. Мәселен, былтыр Шымкенттің өзінде мұндай көлік саны 45 мың болса, қазір 50 мыңға жуықтаған. Десе де мегаполисті жанармаймен қамтуға жауапты шенеуніктер жағдай қазір тұрақталды деп есеп беріп жатыр.
“Әр жұмада мекемелерден есеп аламыз. Соңғы ақпаратқа қарай 1303 тонна бізде қорымыз бар, бірақ бізде сатылады, күнделікті зауыттан жеткізіліп отырады. 13 001 500 тоннаны ұстап отырамыз. Ең көбі 1700-ге дейін барған. Ең азы 1200 тоннаға түскен. Енді қазіргі жағдай тұрақты. 215 бекеттің қазір 203-інде бар. Қалған 12 бекетке енді жеткізіледі”, – деп мәлімдеді Шымкент энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім бас маманы Ілияс Есжанов.