Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Apple және Netflix Өзбекстанға келді: Қазақстанға бұл жағдай қалай әсер етеді

Apple және Netflix сынды әлемдік брендтердің Өзбекстанда өкілдіктерін ашуы қазақстандық сарапшыларды шулатып үлгерді. Алып компаниялардың көрші мемлекетке бет бұруының Қазақстанға жанама әсері бола ма? Бұл еліміздің экономикалық жағынан Өзбекстаннан артта деген сөз бе? Бұл туралы мамандар жауап берді. 

Сарабеков

Қазақстан ұлттық арнасына берген сұхбатында Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков бұл жағдайды Өзбекстандағы биліктің ауысуымен байланыстырады. 

"Өзбекстан нарығы дамып жатыр. Бұл - факт. Билік ауысқаннан кейін Шавкат Мирзиеевтың командасы елдеріне барынша инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыс жасауда. Десек те қазіргі технологиялық алыптар Өзбекстанға келді деп айта алмаймыз. Бұл - тек жоспарлар ғана. Біз бұл жағдайды жіті бақылауымыз керек. Өзбекстан біздің көршілес әрі бауырлас бола тұрғанымен, біздің ең басты экономикалық бәсекелесіміз", - дейді ол. 

Сарапшы алып ұйымдардың Өзбекстанға көңіл аударуының бірқатар себептерін атады. 

"Инвесторлардың басты қызығушылығы Өзбекстанның нарығымен байланысты. Мысалы, Өзбекстанда 33 млн адам тұрады. Бұл - Орталық Азиядағы ең үлкен нарық. Қазақстанда жалпы халықтың саны 18 миллионнан асса, Өзбекстанда еңбекке қабілетті азаматтардың саны 18-19 миллионды құрайды. Сонымен қатар мұнда еңбек күші өте арзан. Бұл инвестор үшін шешуші рөл ойнайды", - дейді ол. 



Экономист Қазақстанға төнетін қауіптерді атап өтті. 

"Мұның барлығы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы бәсекелестіктің артуына әкеп соғады. Көрші елде мемлекеттік бақылаудың азаюы өзбекстандық кәсіпкерлерге де тиімді болмақ. Осылайша олар отандық өнімдерін біздің нарыққа экспортталуын күшейте түседі. Меніңше, екі елдің бәсекеге түсуі, керісінше тиімді болмақ. Өзбекстанның нарыққа шығуы қазақстандық кәсіпкерлердің өз бизнестерін дамытуға ықпал етеді. Оған қоса, өзбекстандық экономиканың ашылуы отандық инвесторларға пайдалы бола түседі. Олар әлі игерілмеген нарыққа аяқ баса алады", - дейді Жұмабек Сарабеков Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

"Екінші жағынан, Қазақстан бірқатар параметрлер бойынша Өзбекстанның алдында десек қателеспейміз. Екі елдің жалпы ішкі өнім көрсеткіштерінің арасы да айтарлықтай үлкен. Мәселен Өзбекстанда ЖІӨ 58 млрд долларды құраса, Қазақстанда бұл индекс 182 млрд долларға жетеді. Қазақстанда экономиканың ашықтығы, логистика, жолдардың инфрақұрылымы, корпоративтік басқару, іскерлік жағдайы әлдеқайда жақсырақ", - деп қосты ол. 

Талқылау