Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Алдымен Рамазан айының қарыз күндерін өтеу керек": Имам Шәууәл айы оразасының маңызын айтты

Қасиетті Рамазан айы аяталғаннан кейін мұсылмандар шәууәл айын қарсы алады. Бұл айда 6 күндік ораза ұстаған адам мол сауапқа кенеледі деседі. Алматы орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов шәууәл оразасын ұстаудың маңызы мен ретін Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

– Бекзат мырза, шәууәл айы оразасының маңызы туралы айтып бересіз бе?

– Шәууәл айының оразасы бұл нәпіл ораза болып табылады. Сахих Мүсілім жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай сауап алады және анадан туылғандай пәк болады” делінген. Алты күндік оразада 360 күннің сауабы болатыны жөнінде хабар осы хадиске сүйеніп айтылады. Енді бұл оразаның қайдан шыққаны жайлы айтып кетейін. Ғалымдарымыз Құранда әрбір жақсылықтың 10 есе қарымтасы бар екенін айтқан. Адам бір жақсылық істесе ол оған 10 есе болып қайтады. 30 күн ораза ұстаған болса, одан кейін 6 күн шәууәлді ұстаса, 36 күн болады, оны 10 еселегенде 360 күн болып шығып тұр.

Бұның арасында неге 365 күн болмайды деген сұрақ та туындауы мүмкін. Себебі ораза ұстамайтын мереке күндері болады. Айт, Құрбан айт күндерінде ораза ұсталмайды. Қорыта келе шәууәл айының оразасын тұтқан жан  360 күн яғни 1 жыл ораза ұстағанның сауабына кенеледі.

– Шәууәл айының оразасын ұстау баршаға міндеттеле ме?

 – Рамазан айындағы ораза қасиетті Құранда Алланың бұйрығы болып саналады. Сондықтан да Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Ал енді басқа айлардың алғашқы күндерінде, ортасында, соңғы күндерінде, немесе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұстаған дүйсенбі, бейсенбі күнгі оразалар, осы шәууәл айының ішіндегі оразалар олар нәпіл ораза болып саналады.

Нәпіл деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті негізінде, сол кісінің ұстауына байланысты біздің ораза тұтуымыз. Рамазан айының оразасын шариғат бойынша ақыл есі дұрыс, кәмелет жасқа толған, сапарда емес, науқас емес кісілерге Алла тарапынан ұстау парыз етіледі . Ал шәууәл айының оразасы парыз етілмеген, ұстамасаңыз бұл үшін күнәға батпайсыз. Ал ұстасаңыз, бұл игілікті сауапты амал болып табылады. 

– Рамазан айының арнайы кестесі бар. Ал шәууәл айының ораза уақытын қайдан білуге болады?

 – Бұл айдың да оразасы Рамазан айының оразасы секілді бір айға ғана шектеледі. Мұсылман баласы басқа айларда бұл оразаны ұстауға ниеттенбейді. 2 мамыр күні шәууәл айы оразасының бірінші күні басталды. Осы айдың 28-29-на дейінгі аралықтағы 6 күн ішінде ораза тұтуға болады. Бұған қоса осы аралықтың кез келген күнінде ауыз бекітуге мүмкіндік бар. Дүйсенбі мен бейсенбі күндерге түссе, тіпті жақсы. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) оразаны сүннет бойынша осы аталған аптаның екі күнінде бекіткен. Ал үзбей 6 күн қатарынан ұстаймын десе, оған да рұқсат етілген. 



 

– Рамазан айының оразасында қарыз күндері бар жандар шәууәлді ұстай ала ма? Ал шәууәл айында ораза ұстай алмағандарға қарыз күндер жазыла ма?

 – Айтып кеткенімдей Рамазан айының оразасы парыз етілгендіктен белгілі бір себептермен оразасын ұстай алмаған кісі оны өтеуге міндетті. Мәселен, сапарға шыққандар үйіне оралған соң, науқастанғандар сауыққан соң міндетті түрде қарыз күндерін өтеуі керек. Ал шәууәл айы нәпіл болғандықтан бұл оразада ондай талаптар міндеттелмейді. 

Алайда Рамазан айының оразасына қарыз адамдар оны өтемей жатып, шәууәл айының оразасын ұстай алмайды. Ал енді қарыз бола тұрып парызды орындамай нәпілді орындау ол дұрыс емес.

– Бұл ораза қандай жандарға міндеттелмейді?

 – Жалпы шәууәл айының оразасын ұстауға болмайды деген бір тыйым жоқ. Бірақ ұстамауға болады деген жалпы шариғат кеңшілік жасаған адамдар бар. Олар жас сәбиге, балиғат жасына толмаған балаларға, науқас адамдарға, сапарға шыққандарға парыз оразасы міндет болмағандай нәпіл оразасы да оларға міндетті емес.  

Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнамыздан тамашалай аласыздар

 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 17 Мамыр, 2022 15:53
Талқылау