Ана туралы қазақша 5 үздік өлең
Анаға ән арнамаған сазгер, жыр арнамаған ақын жоқ шығар?! Өмір сыйлаған жанға деген құрметін қазақ әркез өлеңмен өрнектеген. Бұл орайда Stan.kz назарларыңызға қазақ поэзиясындағы ана туралы үздік туындыларды ұсынады. Тұманбай Молдағалиев, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев ана туралы жантебірентерлік өлеңдер жазған.
Фото: Қарақат Әбілдинаның желідегі парақшасынан
Төлеген Айбергенов – «Ана»
Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?
Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.
II
Білмедім мен, сен әйтеуір ораласың көп тілге,
Киелі сүт құдіретімен әлде есейіп кеттім бе?
Ана десе әйтеуір мен өзге сөзді есітпен,
Құлағыма үн келеді қоңыраулы бесіктен.
Құлағымда ол үн менің көрген емес толастап,
Өйткені сен жылауыма қарсы болдың о баста-ақ..
Бүкіл әлем шуларына жіберді де сүңгітіп,
Өзің қаққан қоңыраудан кетті маған тіл бітіп…
Қоңыраулардың үні мені жетектеді қиянға.
Қоңыраулардың үні мені шомдырды сан қиялға.
Тұтқасынан ұстамақ боп дария – білім есіктің,
Мектеп бардым, онан да мен қоңырау үнін есіттім.
Ұстаз болдым. Сөз сөйлетті болашақтың мінбері,
Көз алдымда қызыл ала қызғалдақтар гүлдеді.
Дәл бүгін де нұрлы ертеңнің қоңырауы етіп тұр мені,
Өміріме өзің қаққан қоныраудың үндері.
Өзің қаққан қоңырауда өмір жыры бар екен,
Оның үні тарқамайтын болды менің мерекем.
Сол үнменен тыным таппай бақытымды күреймін,
Өйткені мен мерекемнің тарқамауын тілеймін.
Мұқағали Мақатаев – «Шеше, сен бақыттысың»
Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді.)
Аспанға жазам сенің есіміңді!!!
Шеше!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдаи иілген бесігімді…
Қадыр Мырза Әлі – «Ана»
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді
Тұманбай Молдағалиев – «Ана»
Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.
Мағжан Жұмабаев – “Ана”
Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай…
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.
Тағы оқыңыз: Махаббат туралы өлеңдер >>>
Бақытым бір өзіңсің Анашым
Анам менің ең қымбат жан аяулы
Журегі жұмсақ алақаны аялы.
Нағыз ана баласының қамы үшін
Бар өмірін өнегесін арнайды
Әрқашанда анам бар деп мақтанамын
Анама деп ән арнаймын жыр жазам
Анам менің ақ жүрегім киелім
Қадіріңе қасиетіңе бас иемін.
Ана сөзі шексіз қымбат мен үшін
Ана ғана қуанады сен үшін
Жылылығын бар әлемге танытқан
Баршамызға ана деген асыл жан
Ак сүтін адалдықпен актаймын
Тәрбиесін жадыма мен жаттаймын
Бір тілегім адамзатка арн
алар
Аман болсын әлемдегі аналар.
Адалдыққа тәрбиелейтін баласын
Ұқсамайсяң ешкімге сен дарасын
Жанарыңнан тан басыншы коз жасың
Бақытым бур озинсің анашым!!!