Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"8 жылдан бері сақтап жүрмін": Қазақстандық әйел аналық ұрықты қатыру процесі қалай жүретінін айтып берді

Жыл басынан бері Алматының өзінде 250 қазақстандық қыз-келіншек аналық ұрығын қатырып, бала сүюді кейінге қалдырған. Stan.kz тілшісі "Экомед" адам ұрпағын өрбіту орталығының гинеколог-репродуктологы Әйгерім Ахметовадан биологиялық материалдардың мұздатылу процесін сұрап білді. Ал блогер Әсел Баяндарова 40 жасында қалай аналық эмбрионын қатырғанын және қандай ем-шара қабылдағанын бөлісті.

Фото: Stan.kz коллажы / Әйгерім Ахметова, Әсел Баяндарова, Ширин Араз

Қазақстанға белгілі блогер Әсел Баяндарова 2016 жылы еліміздегі ЭКҰ (Экстракорпоральді ұрықтандыру) бірінде аналық жасушасын қалай қатырғанын айтып берді. Ол кезде әйелдің жасы 40-та болған. Ол бір баласы бола тұра, процедураны жасауға келісім берген. 

Әсел Баяндарованың айтуынша, егер әйел денсаулығына немесе жасына байланысты баланы өзі көтере алмаса, еркек тұқымының доноры мен суррогат ананы табу жеткілікті. Бұл жағдайды блогер "қатырылған эмбрион" операциясы деп атады.

“Құрбым да бұл процедураны 48 жасында жасап, 52 жасында босанды. Аналық жасушаны тек 3-тәжірибеде алуға мүмкіндік болды. Себебі екінші процедурада ғана гормон стимуляциясын жасаттым. Инъекциядан кейін аналық бездер тез әрекетке түсіп, осылайша 1 жұмыртқаның орнына бірден бірнеше аналық ұрық жетіліп шығады. Бұл уақытта, қартаюға қарсы гормоналды терапиямды тоқтатқан кезде 5 келі салмақ қосып алдым. Бүкіл денем ісініп кетті. Соған қарамастан аталған процедураны жасаттым. Міне, содан бері 8 жыл өтті. Әлі күнге дейін белгіленген тәртіп бойынша аналық ұрықты сақтау үшін ақша төлеп жүрмін. Уақыты келгенде тағы бір баламды босанамын”, – деді блогер.

Фото Әсел Баяндарованың жеке архивінен алынған

Әсел Баяндарова аналық жұмыртқаны жинаудың 2 әдісі бар екенін атады.

“Бірінші әдісте әрекеттендіру арқылы бірнеше жұмыртқаны гормондармен қоздырып, бірден жетілген кезде алады. Сонымен қатар табиғи циклде овуляция кезінде ай сайын біреуі ұсталып отырады. Мұнда репродуктивті функциялар тиісті деңгейде болғанда және аналық бездер әрекеттесуге жауап бере алатын кезде ғана таңдалады. Артықшылығы – бір процедурада олар жұмыртқаның қажет санын жинай алады. Ал кемшілігі – алдын ала жасалған гормон стимуляциясы, процедураның көлемі мен ұзақтығына байланысты жалпы анестезиямен жүзеге асады. Екінші әдіс репродуктивті функциялары төмендеген әйелдер үшін таңдалады. Артықшылығы: анестезияны қажет етпейді, стимуляцияны қолданбайды. Ал кемшілігі – бірінші әдіске қарағанда анағұрлым қиын өтеді. Мұнда аналық жұмыртқаның қажет санын жинау үшін ай сайынғы овуляция циклін бақылап, бірнеше рет қайталап отыру қажет”, – деп түсіндірді Әсел Баяндарова.

Әсел Баяндарова екінші әдісті таңдағанын атап өтті. Процедураның өзі бір-екі минутқа созылса да, кейін 15 минут көлемінде қатты ауырсынуды сезініпті.

“Қалаған кезіңізде жүкті бола аласыз”

Ал гинеколог-репродуктолог Әйгерім Ахметова биологиялық материалдарды сақтау процесі туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

"Көбіне біздің "Экомед" орталығына өздерінің аналық ұрықтарын қатыруға 25 жастан 40 жасқа дейінгі қыз-келіншіктер келеді. Қазір бір айда 200-250 программа өтсе, соның ішінде ЭКҰ бағдарламасының 10-20-ға жуығы осындай қыз-келіншектердің аналық ұрықтарын қатыру процесіне арналады. Менің ойымша, бұл дұрыс. Себебі осы жаста қыз келіншектер өзінің болашағын ойламаса, физиологогиялық тұрғыдан аналық безіндегі жасушалар 28 жастан бастап бірте-бірте азайып, 35 жастан кейін күрт төмендеп кетеді. Қашан оған ер азаматы кездеседі? Қай кезде бала көтере алады?" – деді дәрігер Әйгерім Ахметова.

Репродуктолог Әйгерім Ахметованың сөзінше, аналық жасушаны қатыру процесін ғылымда криоконсервілеу деп атайды.  

"Экстракорпоральді ұрықтандыру циклдары кезінде көптеген ооцит, жыныс жасушасы өсіп шығады. Ұрықтанғаннан кейін эмбриондардың көп мөлшері алынады. Жатыр қуысына ең көп дегенде екі эмбрион тасымалданатындықтан көптеген науқаста тасымалдаудан кейін ұрық "артық" қалады, оларды криоконсервілеуге "қатыруға және –196 ℃ температурада сұйық азотта ұзақ уақыт сақтауға болады. Кейінірек оларды жібітуге және ЭКҰ-ның алдыңғы циклінде жүктілік болмаса немесе бала туылғаннан кейін науқас көбірек балалы болғысы келсе, сол үшін пайдалануға болады. Бағдарламаның маңызы – тексеруден кейін пациентке ЭКҰ бағдарламасы жүргізіледі де, аналық жасушалар қатырылып, криобанкіде сақталады. Ал бірнеше жылдан кейін аналық жасушаларды ерітіп, оларды сперматозоидтармен ұрықтандырады. Кейін олар өсіп, жатыр қуысына орналастырылады. Осылайша, сіз өзіңіздің аналық сау жасушаларыңызды сақтап, оны ана болуға толық дайын болған кезде қолдана аласыз. Қалаған кезіңізде жүкті бола аласыз", – деді дәрігер.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген/ Гинеколог-репродуктолог Әйгерім Ахметова

Дәрігер Әйгерім Ахметова аналық жыныс жасушаларды қатыруға қалай дайындалып келу керек екенін айтты.

"Ең әуелі, қыз-келіншектер репродуктолог дәрігерге келіп, анализдер тапсырады. Олардың репродуктивті жүйесінің, яғни гормондарының жұмысын тексереміз. Бүкіл процесте УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу), денсаулығын жалпы анализдеу, онкомаркер, онкоцитология жұғындысының анализі, ағзасында қабыну процесі бар ма – осының бәрі тексеріледі. Анализдерді тапсырып болған соң терапевт дәрігерлер оған пункция жасауға мүмкіндік бар десе, онда ол кісі етеккірдің 2 немесе 3 күні келіп, УДЗ-дан тексереміз. Пункция дегеніміз – шприц инесі арқылы дене қуысын тесу. Пункция диагностика қою немесе емдік мақсатта жасалады", – деді Әйгерім Ахметова.

Сонымен қатар репродуктолог науқастың аналық безінде киста немесе тағы басқа қабыну процесі болса, дәрі-дәрмек жазып, тағайындап береді екен.

“Ол  дәрі-дәрмектер аналық безіндегі фолликулдарды (аналық безде жұмыртқа жасушалары қабықпен қоршалып, бұл қабық – фолликул деп аталады) өсуін қамтамасыз етеді. Әр фолликул 18-20 миллиметрге жеткен кезде, пункция жасаймыз. Пункция жасап, аналық фолликулдың ішінен аналық жасушаны аламыз. Оны эмбриологқа беріп, олар оны тазалап, қатырып қояды. Науқас өз ер азаматын тауып, бала жоспарлауға дайын екенін айтқан кезде ары қарайғы жоспарды белгілей аламыз”, – деді репродуктолог.

Дәрігер әр қыз-келіншектің көңілінде өздерінің аналық жасушалары немесе эмбриондары ауысып кетпей ме деген сұрақ тұратынын айтты.

"Көбі “Биологиялық материалдарымды дұрыс сақтады ма, ауыстырып алған жоқ па?” деп уайымға салынады. Бұл өте жауапты нәрсе болғандықтан қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Себебі 1 пункция жасап жатқан кезде 3 эмбриолог тек сол бір пункцияның айналасында жұмыс істейді. Мұнда репродуктолог дәрігер ұрықты алып, пробирканы эмбриологқа береді. Эмбриолог оны алып, микроскоппен қарайды, екінші эмбриолог сол жасап жатқан дүниені қарап тұрады. Яғни ол кісі түк істемей, тек бақылап тұрады. Үшінші эмбриолог инкубаторға салуға көмектеседі", – деді репродуктолог Әйгерім Ахметова.

Фото Әйгерім Ахметованың жеке архивінен алынған/ Аналық жұмыртқаны пен аталық жұмыртқаны ұрықтандыру сәті

Әйгерім Ахметованың айтуынша, осылайша бір әйелдің ұрығын толыққанды, инкубаторға салынғанға дейін мұқият қарап тұрады.

"Содан кейін әр шашкаға ол кісінің аты-жөні, ЖСН, туған жылы жазылады. Пункцияға алмас бұрын оның барлығы сұралады. Эмбриолог келіп, оны редродуктогтан сұрайды. Одан кейін шашкаға қойылған кезде деректері тағы сұралады. Инкубаторға салған кезде, одан алып тазалаған кезде тағы бір деректері айтылады. Әр қатырған саломинкада аты-жөні жазылып, өзінің маркировкасы жазылады. Қай дьюар ыдысында (азот салынған) екенін және қанша саломинка екені бәрі жазылып, оның бәрі компьютерге, журналға тіркеледі. Сондықтан оны шатастырып немесе ауыстырып алу мүмкін емес. Жылына 2000 немесе 2500 программа жасасақ, соның 20%-ын әйел кісілер қолданады. Атап айтқанда, 200-ге жуық қыз-келіншектер бұл қызметті пайдаланады", – деді репродуктолог Әйгерім Ахметова.

Бұдан бөлек репродуктолог қатыру процесінен кейін бір реттік төлем жасап, кейін ай сайын 3000 теңгеден аударым жасау керектігін айтты.

Жылына 36 мың теңге ғана төлейсіз. Сонымен қатар эмбриологтар әр апта сайын ауысып, әрбір азотты бақылап тұрады. Эмбрионды 100-150 жылға дейін сақтауға болады, тек азотты толтырып отыратын эмбриолог керек”, – деді репродуктолог Әйгерім Ахметова.

“Аналық жұмыртқаңызды қатырып қойыңыз”

Бедеулік жөнінде кеңес беретін психолог, дәрігер Ширин Араз орта жастағы қыздардың ана болуға асықпайтынын айтып берді.

"Иә, расымен, Қазақстанда кейінгі уақытта аналық жұмыртқасын қатыру сияқты процедура кеңінен етек жайды. Неліктен бұлай болып жатыр? Өйткені қазіргі әлемде әйелдер ана болуды кейінге шегеруді дұрыс санап, саналы жасқа келгенде ғана ата-ана атануды қалайды. Бұл бірінші себеп десек, екіншісі, әйелдер тұрмысқа шығуға, отбасын құруға, балалы болуға асықпайды. Сондықтан қазір мұндай түсініктің арқасында қыз-келіншектер өте талғампаз болып кеткен", – деді психолог Ширин Араз.

Сол себепті Ширин Араз бедеуліктің алдын алу үшін қыз балалар 25 жасынан бастап-ақ ЭКҰ орталықтарына барып, аналық жасушасын сақтауы керек деп кеңес берді.

"Егер жасың 30-дан асса, әлі күнге дейін екінші жартыңды жолықтырмасаң, лайық жұбыңды кездестірмесең, онда ЭКҰ мекемелеріне бару керек. Сол жерге барып, өзіңіздің аналық жұмыртқаңызды қатырып қойыңыз. Сіз тұрмыс құрғанша, психологиялық тұрғыдан дайын болғанға дейін қатып тұра берсін. Сол кезде жасым 35-тен асып кетті деп сан соғып қалмайсыз”, – дейді ол. 
Талқылау