Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкалық USAID ұйымы жабылса, Қазақстанға әсері қандай – Сарапшы түсіндірді

АҚШ-тағы Халықаралық даму агенттігі (USAID) қызметіне қатысты дау туып, жұмысын тоқтату мәселесі көтерілді. Кейін аталмыш ұйымның Қазақстандағы бірнеше ұйымды қаржыландыратыны белгілі болды. USAID- ке қатысты сынның Қазақстандағы әлеуметтік және экономикалық жобаларға әсері туралы философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығы директорының орынбасары Рүстем Мұстафин айтып берді.

АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) 1961 жылы құрылып, өз қызметінің алғашқы күндерінен бастап Американың сыртқы саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келеді. Сарапшының айтуынша, агенттіктің негізгі мақсаты бастапқыда үшінші әлем елдерінде Кеңес Одағының ықпалына қарсы тұру болды. Уақыт өте келе USAID АҚШ-тың "жұмсақ күш" стратегиясының тиімді құралына айналды дейді.

“USAID көптеген жылдар бойы АҚШ-тың "жұмсақ күш" саясатын жүзеге асырудағы негізгі құралдарының бірі болып келді. Агенттік гуманитарлық көмек көрсетумен қатар, дамушы елдерде инфрақұрылымды дамытуға, саяси институттарды қалыптастыруға, азаматтық қоғамды нығайтуға және демократиялық құндылықтарды ілгерілетуге атсалысты. Осы тәжірибе Африкадан Азияға, Латын Америкасынан посткеңестік кеңістікке дейін өз ықпалын сақтауға мүмкіндік берді.”, – деді Рүстем Мұстафин.

Ол USAID қызметінің күрт өзгеруі немесе толық тоқтатылуы үш өзгеріс әкелетінін айтты: 

  • Біріншіден, АҚШ-ты шетелдердегі ықпалын таратудың негізгі арналарынан айыруы мүмкін. Бұл олардың стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынасын әлсіретіп, басқа донорлық ұйымдардың рөлін күшейтуге жағдай жасайды.
  • Екіншіден, халықаралық альянстар жүйесін қайта қарау қажеттігі туындайды. Елдер мен халықаралық ұйымдар қаржыландырудың баламалы көздерін іздейді. Бұл ретте Қытайдың экономикалық және саяси ықпалын кеңейтуді көздейтін "Бір белдеу, бір жол" сияқты бастамалардың күшеюі әбден мүмкін.
  • Үшіншіден, мемлекетаралық бәсекелестіктің артуы ықтимал. Әлемдік гуманитарлық көмек жүйесі бөлшектенуі мүмкін, бұл донор елдер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, геосаяси шиеленістің артуына алып келуі мүмкін.

Қазақстанға әсері

Айтуынша, USAID Қазақстанда бірнеше саланы қаржыландырып, дамуына ықпал етіп отыр. Сондықтан оның қызметі тоқтаса, теріс салдары болады дейді.

“Стратегиялық жобалардың қаржыландырусыз қалуы әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық бастамалардың тоқтауына немесе қысқаруына әкеліп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы төмендеуі мүмкін. Қазақстанды жаңа серіктестер іздеуге мәжбүрлеп, сыртқы ықпалдардың қайта бөлінуіне және жаңа донорларға тәуелділіктің артуына әкелуі ықтимал. Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасы немесе Ресейдің Еуразиялық ықпалының күшеюі ықтимал балама бағыттардың бірі ретінде қарастырылады”, – деді ол.

Ол мұндай жағдайда Қазақстан үкіметі мемлекеттік басқару және әлеуметтік қолдау жүйелерін дамытып, ұлттық қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге назар аударуы қажет деп санайды

“Мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту, жаңа инвестициялық бағдарламаларды іске қосу арқылы ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыруда жеке сектордың үлесін арттыру маңызды болмақ. Бұған қоса, қолданыстағы жобаларды жан-жақты талдау, қаржы ресурстарын тиімді бөлу және бағдарламалардың аудитін жүргізу арқылы аса маңызды бастамаларды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы стратегиялық шаралар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және сыртқы қаржыландыру көздеріне тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.”, – деді сарапшы.

Бұған дейін америкалық USAID агенттігі Қазақстандағы қай ұйымдарды қаржыландырғаны белгілі болды. 

Талқылау