Алтыншы баласын босанғалы отырған алматылық келіншекті үй иесі пәтерден қуып жатыр
Бүгінде алтыншы баласын дүниеге әкелгелі отырған Анар Тоқманбетова жұрттан көмек сұрады. 4 жылдан бері тұрып келе жатқан жалдамалы пәтерін үй иесі босатуды талап етіп отыр. Енді барар жер, басар тауы қалмаған келіншек отандық басылымдардың бірі арқылы жанайқайын жеткізді.
Бұл туралы “Қамшы” басылымы хабарлайды.
«Мен бес балалы анамын. Алтыншым бір айдан соң Алла қаласа дүниеге келеді. Алматыда біреудің бір бөлмелі үйшігінде төрт жылдан бері тұрамыз. Үй иесі біраз уақыттан бері үйді босатуымызды сұрап отыр. Ал менің барар жерім жоқ. Онсыз да бір бөлменің табалдырығына дейін әрең сыятынбыз. Алтыншым дүниеге келсе мүлдем сыймаймыз ба деп қорқамын. Түрме секілді қуықтай тар лашықта қор болған балалық шақтар-ай. Терезеге телміріп, кешке дейін ыс сасыған ауа жоқ қапаста өмірлері қызықсыз өтуде. Біздің ең басты арманымыз өз баспанамыз болса ғой. Ешкім кет демейтін, рахаттанып жуынып шайынатын. Балаларым кең тыныс алып, шапқылап ойнайтын. Мен ешқашан жұмыстан қашпаймын. Тек, тек өз баспанам болса ғой шіркін. Біз өлген соң қара жер мәңгі өзіңдікі болып бұйырады ғой. Оны не істейміз? Тірі кезімізде кең байтақ жерде тар қуыста бейнетпен өткен азапты күнді өткізіп алып. Неге? Біз де адам баласымыз ғой, ең бастысы қанымыз қазақ қой. Осылай әр күнімізді өз елімізде қайырымсыз басшыларға жылап барумен өткіземіз. Ойпырмай не деген жүрек? Орнында тас па дерсің. Бейбіт елміз десек те, ауырсаң да, аш қалсаң да ешкімнің шаруасы жоқ. Өле бер. Ендігі бар ең соңғы үмітіміз, жеті адамның тағдырын сізге аманат етсем бола ма? Егер сіз «жоқ, қолымнан келмейді» десеңіз, мен ешқашан жақсылық атаулыға сене алмайтын шығармын. Ең соңғы сөнгелі тұрған шырағым, үмітіміз сіз бен жомарт қара халықта. Ең болмаса бір теңгеден қиятын шығар» деп жазылған хатта.
Аталған басылымның журналистері көп балалы ананың үйін іздеп жолға аттанған. Алдыларынан үйдің үлкен Диас шығып, жол нұсқап отырған. Жоғарыдағы хаттың авторы – 1982 жылғы, Жамбыл облысының тумасы, 5 баланың анасы, алтыншысына аяғы ауыр Анар Тоқманбетова. Оның күйеуі ішімдікке салынып, балаларының жағдайын жасаудан бас тартқан.
«Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады дейді. Мен жақсы әйел болуға тырыстым. Жолдасым балажан болғандықтан балаларды бірінен кейін бірін туа бердім. Маған деген ыстық махаббаты суып, бәрі баяғыдай болмаса да балалары үшін жанымызда қалып, бізді асырайды деп ойладым. Өкінішке қарай, оның есіл-дерті арақта. Қайдан тауып алатынын білмеймін. Нанға ақша таппаса да бір бөтелке ащы суға тиыны жетеді. Мені үнемі алдаумен келеді. Әне-міне түзелемін, адам боламын, ақша табамын дейді де жоғалып кетеді. Онымен ажырасқым келді. Сотқа келмегендіктен ажыраса да алмадық. Сіздер мені көп бала туа бердің, енді қайтадан жүктісің деп жазғыратын шығарсыздар. Бұл да Алланың берген сыйы ғой. Мен одан бас тарта алмаймын. Тағдырға көндім. Балаларым бақытты өмір сүрсе, пәтерлі болсақ болды. Жетеді. Бесеуін де өзім бағып-қағып адам қылдым. Алтыншысы да адам болады. Тек баспанамыз болса шіркін», – деп ол іштегі сегіз айлық баласын жасырумен болды.
Балалары қатты тұмауратып ауырып қалған. Анар ханым ине сала алатындықтан, оларға өзі қарайлаған. Дәріханадан дәрі әкеліп, соны егіпті. Есейіп қалған балалары журналистердің келетінін біліп үйден шығып кеткен-ді.
«Армандарын өмірге айналдырайын десе мен кедергімін. 5 баламен үйді босата алмай отырмын. 5 баламен қайда бармақпын? Әрбір күнім қорқыныш» деп отыр көпбалалы ана. Ата-анасына да арқа сүйей алмайтын, інісіне де жаны ашып тұрған оған қарап қайсарлығы мен еңбекқорлығына тәнті болмау мүмкін емес. Жүктіліктің 34 аптасына қарамастан бірнеше жерде жұмыс істеп, балаларына нан тауып беріп жүрген ол бар арманы үй екендігін қайталаумен болды. «Өз-өзіме қол жұмсағым келген сәттер де болғанын жасырмаймын. Бірақ баланы дүниеге әкелген екенмін, орта жолдан тастап кетуге дәтім шыдамайды. Қақым жоқ. Баспананы да өзім үшін емес, осы қазақтың көздері жәутеңдеген 5 баласы үшін сұрап отырмын. Бұған дейін де сұрағанмын. Алайда мемлекеттен көмек болмайтынын ұғындым. Сіздерге ғана үміт арттым. Маған «Қамшы» деген сайт бар. Соларға хабарлас деген болатын. Осы уақытқа дейін телевидение шақыртқан емеспін. Балаларымның намысын ойладым. Қайыр-садақа тілегендей болмайын деп басымды тік ұстап жүрдім. «Қамшыны» шақырып, камера алдында сөйлеуім де алғашқы әрі соңғы рет болсын» деді Анар көз жасына ерік беріп.
Қазақстандық биліктен көңілі қалған, Елбасына хат жазса да жауап хат ала алмаған қазақ әйелі – Анар Тоқманбеттің тағдыры ендігі біздің қолымызда, құрметті оқырман! Facebook әлеуметтік желісінде Нұрдәулет Нұрәділ «1 теңге – 1 баспана» акциясын ұсынған болатын. «Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 17 миллион 671 мың адам тұратыны мәлім. Біз соның 7 миллионын есепке алмадық дегеннің өзінде 10 миллион адам қалады. Меніңше 1 теңгені садақаға бере алатын 10 миллион адам бар. Ендеше, бізде 10 миллион теңге жиналады. Осылайша әр жұма сайын 1 теңгеден садақа беріп отырсақ, 1 жылда 52 отбасын бақытқа бөлеп мол сауапқа қалар едік. Егер күн сайын 1 теңгеден жиналса 1 жылда 365 адам баспаналы болады» деп жазған болатын идея авторы. Өкінішке қарай, бұл жаңалық елді шулатқанымен сөз жүзінде қалып қойды. Stan.kz әріптестеріне қолдау білдіріп, атымтай жомарт, мұсылман Қазақ елі жұртшылығын 5 баланың анасы, Алматы қаласының тұрғыны Анар Тоқманбетоваға 1 теңгеден ақша аударып, көп созбай үй алып беруге үндеу тастайды. Анарға басқалай да көмек көрсете аламын дегендер «Қамшының» редакциясына хабарласып көмекке мұқтаж жанның мекенжайын, байланыс дерегін ала алады.
(Көмектескісі келетін қайырымды жандар үшін: Анар Тоқманбет. Халық банк KZ906010002008401651)
Жіберіп алмаңыз:
Ақтауда сарбаздардың өліміне кінәлі деп танылған 6 әскери ерте босап шықты
Ақтөбе имамдары ас беру кезінде жайылатын дастарханның жалпыға ортақ мәзірін бекітпек
Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, отбасын асырайды