Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алтын қолды маман: Алматы облысында қос жанарынан айырылған азамат массажист болып қызмет етіп жүр

Алматы облысының тұрғыны Рүстем Оспанов Қарасай аудандық ауруханасында білікті массажист болып қызмет атқарады. Қос жанарынан ерте айырылғанына қарамастан ол еліміздің денсаулық саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатыр. Өз қызметінің қыр-сыры туралы маман Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

Ерте сөнген қос жанар...

Алматы облысы тумасы бала кезінен бастап көз дерті мазалағанын айтады. Мектеп табалдырыған аттаған сәттен ата-анасы қос көзін емдетуге кіріскен. Алайда үш жыл қатарынан көзіне ота жасатқанымен, көру қабілеті керісінше әлсірей түсіпті.  Дегенмен жарық дүниені көру мүмкіндігінен мүлде айрылса да ешқашан да сағын сындырған емес. Мектепті үздіктер қатарында тәмәмдаған ол білімін одан әрі жетілдіруді қолға алады.

 

Білім жолындағы ізденіс

Кейіпкеріміз білімге деген құштарлықпен алдына зор мақсат қойып, кәсіп игеруді көздейді. Сүйікті ісіңмен айналысуға ештеңе кедергі келтірмейтінін түйсініп, өзі қалаған массажист мамандығы бойынша арнайы білім алуға бекінеді. Осылайша 2013 жылы Алматы қаласындағы республикалық жоғары медициналық колледждің "мейіргер ісі, массажист" мамандығына түседі.

“Мемлекеттік грант негізінде білім алып, өз ісімнің білікті маманы атана алдым. Мұнымен шектеліп қалмай, саламның нағыз маманы болуы үшін жоғары білім алуды ұйғарадым. Осылайша Спорт және туризм академиясында "Емдік дене шынықтыру және массаж" мамандығы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолымды Алматы қаласында бастадым”, – дейді Рүстем Оспанов.

"Мемлекет маған не береді?" деп емес, "Мен мемлкетімнің дамуына қандай үлес қосамын?" деген ұстанымдағы азамат ел саулығын сақтау ісіне белсене араласа бастапты. Мүмкіндіктер әлемінде ешқандай шек болмайтынын жақсы білетін жігерлі жігіт білімін жетілдіре жүріп, жұмысты да қатар атқарған. Кез келген қиындықты тек қана еңбекпен жеңуге болатынын іс жүзінде дәлелдеді де.

Ер азаматтың қоғамдағы орны ерекше екенін жан жүрегімен түйсінетін біздің кейіпкеріміз бір сәт те тыным алған емес. Үнемі саладағы кәсіби біліктілігін арттырып, өзі ғана дамып қоймай, қоғамның алға жылжуына мұрындық болып келеді. Осылайша білікті маман 2016 жылдан бастап, Алматы облысына қарасты Қарасай аудандық ауруханасының массажист маманы қызметін қолға алады.

 

Дертке дауа алтын қол

"Еліміздің болашағы – бүгінгі балалардың қолында" десек, әрбір баланың дені сау болып өсуі аса маңызды. Бұл тұрғыда біздің кейіпкеріміздің сөзінше, баланың дамуына дұрыс массаж жасау ісі өз септігін тигізетіні анық.

“Массажист мамандығына бала кезден қызықтым. Тағдырдың жазуымен қос көзім көрмей қалса да, өзімнің ойымнан айнымадым. Осы саланың маманы болуы үшін барлық күш-жігерімді жұмсап, білім алдым”, – дейді ол осы бір жауапкершілігі зор мамандықты игеруінің сырын  жайлы

Сондай-ақ маман алдына ем іздеп келетін әрбір баланың ең бірінші кезекте жалпы денсаулығына мұқият зер салатынын айтады.

“Массаж жасамай тұрып, ең бірінші баланың жалпы денсаулығымен жете танысамын. Кейде ата-анасы айтқан шағымнан бөлек бала денсаулығынан өзге де ақаулар байқалып жатады. Мұндайда өзге де дәрігерлердің кеңесіне жүгінгуге жол нұсқаймын. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі кездесіп тұрады”, – дейді аурухана қызметкері.

Әңгімелесу барысында ол балаға массаж жасау кезінде қандай дүниелерді ескеру керектігін де айтып берді. 

"Жаңа туған балаларда көбіне дисплазия, гипоксия сынды аурулар жиі кездеседі. Аталмыш аурулардың бірден-бір емі – массаж. Сондықтан, массажға немқұрайлы қарауға болмайды. Мұндайда, міндетті түрде кәсіби білікті маманның көмегіне жүгінген дұрыс. Сауатты жасалған массаж ғана баланың дертіне дауа болады. Массаж жасау кезінде баланың бұлшықеті отегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етіледі. Бірақ дұрыс жасалынбаған массаж баланың саулығына өз залалын тигізетінін естен шығармауымыз керек. Сондықтан да, массаждың жасалу тәртібі мен әдісін білмейінше, мұнымен айналыспаған абзалырақ" – дейді білікті маман.

Өз ісін тындырымды атқаратын Рүстем Оспановтың көмегіне жүгінетін ата-аналардың маманға айтар алғысы шексіз. Емнен кейін денсаулығы жақсарып, оңалғанын көрген ата-аналар массаж маманын бүгінде іздеп жүріп келетін болған. Емхананың аядай ғана бөлмесінде отырып, қаншама балапанның денсаулығының жақсарып кетуіне себепкер болып отырған Рүстем Кеңесұлының ісі кім-кімді болса да таңдандырары сөзсіз. Есімі Қаскелең жұртшылығына етене таныс Рүстем Оспанов ел арасында "Алтын қолды азамат" атанып кеткенін айту ләзім.

 

“Қазақ тілінде қызмет алғымыз келеді”

Сұхбат барысында Рүстем Кеңесұлы өзін ғана емес, өзі секілді зағип жандарды толғандырған мәселенің тиегін ағытты.

"Қазір өздеріңіз білетіндей, ұялы телефонсыз өмір сүруді елестету қиын. Өзіммен тағдырлас жандардың телефонды қолдану кезінде қазақ тілінде қызмет ала алмай келе жатқаны алаңдатады. Қазіргідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірінде бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Мәселен, зағип жандар айфонда VoiceOver, андройдта TalckBack сынды бағдарламаларды қолдану арқылы телефонды пайдаланады. Дәл осы бағыттағы бағдарламалардың қазақша нұсқасын саланың мамандары дайындап шығарса деген ұсынысымз бар. Бұл тұрғыда осы істі жүзеге асыруға ниетті демеушілер де табылады деген ойдамыз", – дейді Рүстем Оспанов.

Шындығында кейіпкеріміз көз жанарынан мүгедектігі бар барша азаматтардың мәселесін көтеріп отыр. Алдағы уақытта қоғам тарапынан қолдау тауып, оңынан шешіледі деген үміттеміз.

 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Талқылау