Алматыда пәтерді бір тәулікке алып, артынша басқаларға қожайыны ретінде жалға берген топ қолға түсті
Арамдық алға баспайды. Бұл жымысқы ойдың құрбаны негізінен студенттер болған. Күдікті ретінде қамауға екі қыз алыныпты. Прокуратура, оқу маусымы басталғалы мұндай жайттардың жиілегенін айтады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Руслан Әлменов жиған жетпіс мың теңгесінің жем болғанына бармағын шайнайды. 3 курс студенті жалға алатын пәтер іздеп интернеттен керегін тапқан. Келісімге қол қойып сол күні үйге де кірген. Бірақ, тәулік өтпей шын қожайыны шығып, далада қалды.
«Маған өтірік келісім жасаған. Өздері бір жалдаған. Соны бізге бір айға жалға берді де, жоқ болып кетті», – дейді студент Руслан Әлменов.
Түскен арыздың артын суытпай құқық қорғаушылар алаяқтарды аңдып, қолдарына кісен салды. Күдікті екі қыз да Астана қаласының тұрғындары екен. Ал, Алматыға тек құлқынның қамымен келіпті.
«Осы дерек бойынша екі азаматша ұсталды. Ол кісілер құқық қорғау органдарымен ҚР Қылмыстық кодексінің 128 бабына сәйкес сезікті ретінде ұсталды. Бүгінгі күні тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – дейді Алмалы ауданының прокуроры Мадияр Басшыбаев.
Прокурорлардың айтуынша, жалған келісім жасап, осындай қылмысқа баратындардың қатары соңғы кезде көбейген. Клиенттердің көп жағдайда құжат қалдырмауы алаяқтардың айын оңынан туғызып отыр.
Пәтерін жалға беретіндер ғаламтордан бөлек, Алматыдағы Абылайхан көшесінің бойында өріп жүреді. Қалтаңыздың қалыңдығына қарай қалауыңыздағы баспананы жалға аласыз. Бастысы ешқандай құжат қалдырудың қажеті жоқ. Қазір клиент ретінде өзім де тексеріп көрейін. Ал, күдік тумас үшін галстукты шешіп тастайын.
Басқалардың да әуендері осындай. Бүгінгі ақша үшін, үйінің қауіпсіздігін уайымдап жатқандары шамалы. Соқыр сенім алаяқтардың басты қаруы. Құзырлы органдар олардың қақпанына түсуден сақтануды сұрайды.
Жіберіп алмаңыз:
Атырау облысының тұрғыны қарындасы мен жиенін зорлағаны үшін сотталды
Түркияда апатқа ұшырағандырдың үшеуі елге жетті