Алматы зообағы 6 айлық арыстан баласын “құлдықтан” құтқарды
Алматы зообағы алты айлық арыстан баласын фотографтардан сатып алды. Сурет шеберлері осы уақытқа дейін жануарды коммерциялық мақсатта пайдаланып келіп, оның күтіміне мүлдем мән бермеген, деп жазады Stan.kz.
«Арыстанның баласы осыдан екі ай бұрын жеке тұлғаның қолынан сатып алынды. Осы уақыт аралығында жануар ем-дом қабылдады. Алишка рахит дертіне шалдыққан, мықыны сынған, бауыры үш есеге үлкейіп кеткен, ағзалары уланған. Қазір ол салмақ қосып алды, өзін әлдеқайда жақсы сезінуде. Дегенмен әлі де өте әлсіз. Оның денсаулығы үшін күресеміз», – деп жазды Алматы зообағының директоры Ержан Еркінбаев Facebook-тегі парақшасында.
Екі айдан бері жануар карантинде болған.
Sputnik Қазақстан басылымының хабарлауынша, арыстан сатып алынған кезде осындай мүшкіл халде болған. Бұрынғы иесі жануарды коммерциялық мақсатта пайдаланған болуы мүмкін. Алайда пайданы көздеген азамат жануардың күтіміне мүлдем мән бермеген ұқсайды.
“Оны жеке адамнан сатып алдық. Қолдан қолға беріліп, ақырында оны бір миллион теңгеден аса ақшаға сатып алдық. Осының алдындағы иесі оны фотографтан бізге беру үшін сатып алған. Оған дейін арыстан бір фотографтан екінші фотографтың қолына ауысып отырған. Оларды ұзақ уақыт бойы аңдып жүрдік. Әлеуметтік желіде тауып алып, бізге беруін өтіндік. Бірақ біздің өтінішімізге ешкім құлақ аспады. Ал бұл адам фотографтарды табуға көмектесетінін айтып, уәдесінде тұрды», – дейді Еркінбаев.
Еркінбаевтың болжамынша, жануарды ұзақ уақыт бойы әртүрлі фотосессияларға қатыстырған. Ол үшін арыстанның тырнағын алып тастапты.
“Қазір оның жағдайы мүшкіл. Кей саусақтарында тырнақтары түбімен алынып тасталған. Олар осы екі айдан бері өспеді», – деп түсіндірді Еркінбаев.
Зообақ директорының болжамынша, жануарды көршілес Ресей елінен әкелген болуы мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Алматы маңында құлаған ұшақ жарты жыл бұрын толық жөндеуден өткен
Астананың мерейтойы бір жыл бойы тойланбақ
Заңгер: Бізде тергеушілер бірден педофилдерді қоғап, барлығына зорланған қызды кінәлайды (видео)
Ұшағы апатқа ұшыраған «East Wing» компаниясының тағы бір былығы әшкере болды