Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы маңында құлаған ұшақ жарты жыл бұрын толық жөндеуден өткен

Алматы маңында болған әуе апатының себебін анықтау біразға созылатын түрі бар! Өйткені, ұшақ құлаған кезде жойқын жарылыстан «қара жәшік» те қатты бүлініпті. Енді оны мамандар Мәскеуге жіберіп, ішінен қандай да бір ақпарат алуға тырысады. Қазір апаттың неден болғанын болжау да мүмкін емес, деп хабарлайды КТК арнасы.

Өйткені, әуе кемесі сәуірде ғана жіті тексеруден өтіпті. Әрі апат алдында экипаж мүшелері оқыс оқиға туралы белгі де бермеген. Десе де, бірнеше  адамның өмірін жалмаған АН-28-дің апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

5 адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты құрылған комиссия бүгін жұмысын бастады. Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдің өзі бастаған топ таңертең оқиға орнына жетті. Ол жерден апатқа ұшыраған АН-28-дің қалдықтары мен қара жәшік табылған. Бірақ, оның өзі жарамсыз боп қалған.

Енді оны бізде қалпына келтіру мүмкін емес екен. Сондықтан, «қара жәшік» сараптама үшін Мәскеулік мамандарға жіберілмек.

«Апат орнынан ұшақтың барлық бөлшектері мен қалдықтары, ұшу туралы ақпараттар жазылған құрылғылар табылды. Олар енді сараптамаға, яғни Мәскеудегі Мемлекетаралық авиация комитетіне жіберіледі. Табылған заттың бәрі мамандардың жұмысы аяқталғанша сақталады. Зерттеу біткеннен кейін оның қорытындысы ашық түрде жарияланады», – дейді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Қара жәшікті Мәскеуге осы құрылған комиссия мүшелерінің бірі апармақ. Ал, қазір апатқа қатысты қандай да бір жолжам айту мүмкін емес. Өйткені, экипаж мүшелері оқыс оқиға туралы ештеңе демеген. Әдетте ауытқу болса, борттағылар диспетчерлерге хабар береді. Бірақ, бұл жолы тәжірибелі ұшқыштар еш белгі бермепті. Мұның себебін де енді сараптама анықтауы тиіс. Әрі бүгін қайғығы оқиға бойынша еліміздің Бас көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

«Алматы қаласының әуежайындағы жергілікті ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеу тексерудің бірыңғай бөліміне ҚР 344 бабы, үшінші бөлімі бойынша тіркелді. Ол яғни абайсызда 2-ден көп адамның өліміне әкеліп соққан әуе кемесін жүргізу, және оларды пайдалану қағидаларын бұзу дерегі бойынша», – дейді ҚР Бас көлік прокуратурасы арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Данияр Ізбасаров.

Мәйіттерге де сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ал, бұған дейін ұшақтың қозғалтқышында ақау болғаны туралы айтылған еді. Бірақ, бүгін авиация комитетіндегілер де, ұшақ тиесілі «Ист Винг» компаниясының басшылары да бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Әуе кемесінің техникалық жағдайы ұшуға жарамды болды. Біз жыл сайын авиация комитетінен сертификат аламыз. Оның алдында мамандар ұшақты жіті тексереді. Ол барлық талапқа сай келсе ғана, ұшуға жарамдылық туралы сертификат беріледі. Ал, біз мұндай құжатты сәуірдің 28-інде ғана алдық», – дейді «East Wing» компаниясының өкілі Виталий Масалитин.

Яғни, кеше құлаған ұшақтың келер жылдың шілдесіне дейін санитарлық авиация саласында ұшуына заңды рұқсаты болған. Ол жыл сайынғы жоспарлы тексерістен де сүрінбей өтіпті. Ал, бұған дейін дәл осы «Ист Винг» компаниясының Санитарлық авиация орталығының басшысына ауызбастырық беру арқылы бірге жұмыс істеуге рұқсат алғаны айтылған.

Бірақ сотта кінә әлі дәлелденбеген соң, Санитарлық авиация орталығы олармен жұмысты жалғастыра берген екен. Оның үстіне ұшақ тапшылығы да бар. Бізде мұндай қызмет көрсететін 10 ғана компания бар. Ал, ұшақтың жалпы саны 35. Яғни, әр облысқа 2 әуе кемесінен келеді. Айта кетсек, қазір «Ист Винг» компаниясы марқұмдарды жерлеу мен туған жеріне жеткізу шығындарын мойнына алды.

Жіберіп алмаңыз:

Алматы түбінде ұшақ құлаған сәттің видеосы пайда болды (видео)

Шымкентте 10 жасар бала жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды

Футболдан Қазақстан құрамасы Румынияға “Өзбекстан” деген жазуы бар ұшақпен барды (фото)

Ер адам жезөкшелердің жұмысы нашар деп полицияға шағымданды

Талқылау