Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында өзбек азаматын ұрлағандар ұсталды

Қаскөйлер ер адамды ұрлап, туысқандарынан 350 мың теңге талап еткен, – деп хабарлайды Stan.kz сайты.

Алматы облысының полицейлері арнайы операция кезінде қылмыскерлер ұрлаған шетел азаматын босатты, деп хабарлайды Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.

Оқиға Іле ауданында болды. 23 жастағы Өзбекстан азаматы жергілікті полицейлерге жүгініп, белгісіз біреулер ағасын ұрлап кеткенін айтқан.

Анықталғандай, ағасы Қараой ауылында салынып жатқан нысандардың бірінде құрылыс бригадасын басқарады. Қаскөйлер өзбек азаматын зорлықпен көлікке отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Кейінірек жәбірленушінің туысқанына хабарласып, 350 мың теңге талап еткен.

«Жедел іздестіру шаралары барысында шетелдіктің көрші Қарасай ауданындағы жер үйлердің бірінде екені анықталды. Ер адамды босату бойынша арнайы операцияны Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілдері Іле АІІБ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді», — деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Шетел азаматы үйіне аман-есен оралды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бес адам ұсталды. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының 25-28 жас аралығындағы тұрғындары. Алматы мен Алматы облысының құрылыс нысандарында жалдамалы жұмысшы болып ақша тапқан.

«Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК «Адам ұрлау», «Бопсалаушылық», «Бас бостандығынан заңсыз айыру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды», — деп толықтырды облыстық полиция.

Оқи отырыңыз:

Назарбаев әйгілі тракторшы Дөненбаеваның отбасына көңіл айтты

Алматыдан 632 шақырым қашықтықта жер сілкінісі болды

Көшеде дәретке отырған полицей жұмысынан қуылуы мүмкін (видео)

Ортақ көңілдестерін жазалаған әйелдер оны орманда тыржалаңаш күйінде қалдырып кеткен

Талқылау