Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Астана бізге керек емеc: Ақтөбеліктер жаңа атауға қарсы шықты

Астана мен Алматы бізге керек емес! Ақтөбеде жаңа аудандарға берілетін осындай атауға жергілікті халық қарсы шықты. Тұрғындардың сөзінше, қала әкімдігі жанынан құрылған комиссия қоғамның пікірімен санаспай, өздері билеп-төстеп жатқан көрінеді.

Алматы мен Астана бізге керек емеc: Ақтөбеліктер жаңа атауға қарсы шықты

Осы өңірге қатысты жергілікті жер-су аттарын елемей, жаңа ауданды Астана мен Алматы деп атаймыз деп алашапқын болған шенділердің әрекеті үлкен дауға ұласты. Ашынған ақтөбеліктер енді қол жинап, Президенттің атына ашықхат дайындап жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Ақтөбенің екі ауданға бөлінгені емес оның атауы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Әліптің артын бақты ма, әлде реті солай болды ма, атқаруші билік көптің пікірін білеміз деп жұмыс күндері қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Студенттер мен зейнеткерлер талқылауға белсенді қатысты деп айту қиын. Залдағылардың тек бірен-сараны екі ауданға Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев, Әбілқайыр хан немесе Бөгенбай атауларын беруді ұсынды. Ал мінберге көтерілгендер Алматы мен Астана тауып қойылған атау деп, қолдап жатты. Алайда, қоғамдық тыңдауға қатыса алмай қалған қарапайым тұрғындардың пікірі басқа…

САУАЛНАМА:
1) Өзім қарсымын. Ақтөбе бір қаланың аты, оған қосымша Алматы, Астана дейтін болса, ыңғайсыз болады. Меніңше, Үкімет бір сайт ойлап табуы керек, осындай арнайы сұрақтарға, анау болды ғой, кітап жайында деген сияқты. Сауалнама сайты болуы керек.
2) Елек, Сазды болғанын жақсы көріп тұрмын. Себебі, өзіміздің жеріміз ғой.
3) Алматы мен Астана деген не үшін керек? Өзі де жергілікті атау. Танымал адамдардың есімн берсін, өзен-сулардың атауын қойсын.
4) Мен келісемін.

Әкімдіктегілер түрлі пікірлердің болуы заңды құбылыс екенін айтады. Бірақ, комиссия талқылай келе, Алматы мен Астанаға тоқтауды жөн көрді деп қысқа қайырды.

«Халықтан да келіп түсті ұсыныс Алматы мен Астана деген атау туралы. Жұмыс тобының шешімі бойынша, осы екі атауды ұсындық» – дейді қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Ауданның атауы қалай болады дегеннен қалалық әкімдікке ұсыныстарын айтқандар болған. Солардың бірі – Естай Жайлыбай. Оның таңдауы Алаш пен Азат атауларына түсіпті. Бірақ, комиссияның көңілінен шықпаған болуы керек, ұсыныс ескерусіз қалыпты.

«Атауларды қайталауға қарсы адаммын. Мысалы үлкен қала Алматы, үлкен қала Астана. Енді оны алып келіп Ақтөбеге телудің меніңше еш қажеттілігі жоқ. Әр аттың екі тілде бірдей аталуына және оның тарихи тәрбиелік мәні болуына көңіл бөлінсе екен деймін. Менің өзімнің осы жерде ұсынып отырған атым бұл – Алаш пен Азат деген атау» дейді қала тұрғыны Естай Жайлыбай.

Шенділер жаңа екі ауданға Алматы мен Астана атауларын беру керек деп санаса, көпшіліктің таңдауы Елек пен Саздыға түсіп отыр. Бұл екеуі: біреуі қаланың ішімен, біреуі сыртында ағып жатқан өзендердің атауы. Алайда соңғы шешімді республикалық ономастика комиссиясы қабылдайды. Оған дейін облыстық мәслихат депутаттары талқыға салулары тиіс.

Бұл мәселе қалалық мәслихаттың отырысында талқыланып, шешім қабылданып кетті. Алайда, тұрғындар мұнымен келіспейді. Қазір халық Президентке ашық хат әзірлеп жатыр. Онда аудандарға атау беру кезінде халықтың пікірін ескеруді сұраған.

Тағы оқыңыз: 

Танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген оң көзінен айырылып қала жаздады

Қызылордада бүлдіршіннің құлағындағы сырғасын алдап шешіп алған көпбалалы ана алаяқтық қылмысы үшін жазаланды

Қостанайда жетім және жағдайы төмен қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

Талқылау