Алматы халқы қаза тапқан полицейлерді ақтық сапарға шығарып салуда (фото)
Алматыда 18 шілдедегі терактта қаза тапқан полиция старшинасы, екінші батальон полицейі Аян Ғалиевпен және ҚР ІІМ бұрынғы қызметкері Ғани Нұримановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Таң атысымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына марқұмдардың туыстары, жақындары және әріптестері жиналды.
“Біз үшін Аян Ғалиев ақкөңіл, мейірімді жан еді. Өз ісінің маманы еді. Біз әрқашан оны ксте сақтайтын боламыз”, – деді полиция майоры Есенгелді Өтепбергенов.
Еске сала кетейік, террористік акт кезінде құқық қорғау органдарының үш қызметкері – 28 жастағы полиция капитаны Бауыржан Нұрмұханбетов, 24 жастағы полиция сержанты Мақсат Сәлімбаев және 42 жастағы полиция старшинасы Аян Ғалиев қаза тапқан еді. 19 шілде күні полиция лейтенанты, ЖПП мамандандырылған батальон қызметінің аға инспекторы 29 жастағы Тимур Бегасыловтың ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.
Сондай-ақ бүгін Алматы және Жамбыл облыстарында Мақсат Сәлімбаевті және Бауыржан Нұрмұханбетовты жерлеу рәсімі өтуде.