Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар ойын-сауыққа басқа қазақстандықтарға қарағанда екі есе көп ақша жұмсайды

Сарапшылар Қазақстанның әр өңірінің тұрғындары денсаулыққа, көлікке, ойын-сауыққа және басқа да қажеттіліктерге қанша ақша жұмсайтынын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Data hub Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Data Hub сарапшыларының мәліметінше, 2024 жылдың екінші тоқсанында алматылықтардың демалыс пен мәдени іс-шараларға жұмсаған орташа шығыны бір адамға 8,6 мың теңге болған. Бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 2,4 есе жоғары. Қарағанды облысында да көңіл көтеруге кеткен шығын осы көрсеткішті көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша алматылықтар астаналықтардан 25%-ға асып түсті. Елордада бос уақытты өткізуге жұмсалатын шығын орташа есеппен жан басына 7 мың теңге болды. Көңіл көтеруге жұмсалған ең аз шығын Абай ауданында белгіленді, бір адамға небәрі 916 теңге.

Сондай-ақ алматылықтар ойын-сауыққа ғана емес, денсаулыққа да жұмсайтын қаржыдан көш бастап тұр. 2024 жылдың екінші тоқсанында медициналық қызметке кеткен орташа шығын бір адамға шаққанда 8,1 мың теңге болды. Бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен екі есе көп. Денсаулық сақтау шығындары бойынша екінші орында Астана мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары, әрқайсысы 5,5 мың теңгеден. Медициналық қызметке аз шығын жұмсайтындар Шымкент тұрғындары екен. Мұнда көрсеткіш орта есеппен небәрі 1,7 мың теңге.

Білім беру саласына ең көп ақша жұмсағандар – Астана тұрғындары. Жан басына шаққанда – 7,9 мың теңге. Бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 2,2 есе жоғары.

Көлік қызметіне жұмсалатын шығындар бойынша алматылықтар көш бастап тұр. Олар есепті кезеңде 12,1 мың теңге жұмсаған, бұл республикалық көрсеткіштен 1,7 есе жоғары.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ең көп қаржыны көлік пен жанар-жағармайға бөледі, яғни 29 мың теңге. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Қызылорда облысының тұрғындары жөндеу материалдарына 5,5 мың теңге жұмсап, көш басында тұр. Бұл да Қазақстан бойынша орташа деңгейден 2,5 есе жоғары.

Талқылау