Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Pfizer вакцинасы алматылықтарға нақты қашан жеткізілетін болды

Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Pfizer вакцинасы қалаға қашан жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Pfizer вакцинасы төртінші тоқсанда жеткізіледі деп жоспарланған болатын. Алматыда 20 қазаннан кейін болады дегенбіз. Алматыға әзірге 130-дан 160 мың дозаға дейін вакцина әкелу жоспарланған. Бірақ Алматы үшін әлі де квота бөлу жағынан нақтылау жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Басқарма басшысы Pfizer вакцинасы ең алдымен балаларға, жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, қарттар мен жабық мекемелерде тұратын балаларға салынатынын айтты.

"Қазір бізде барлық санат бойынша нақты адам саны бар. Бірақ қанша адамның вакцина салдыратыны тілек білдірушілерге байланысты болады", – деді ол.

Бұған дейін бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин балаларға Pfizer вакцинасын алуға болатынын айтқан. 

"Алматыға Pfizer вакцинасы әкелінсе, біз 306 мың оқушы мен студентке вакцинация жасай аламыз. Бұл иммундық қабатты арттыруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде ауру деңгейінің төмендеуіне әсер ететіні сөзсіз", – деген Бекшин.

Естеріңізге сала кетейік, кеше денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Қазақстанға Pfizer вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілетінін айтқан болатын. Тиісті келісімшартқа қол қойылған. 

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жүкті әйелдер мен 12-18 жас аралығындағы балаларды Pfizer вакцинасымен коронавирусқа қарсы егу жоспарланып отыр. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 07 Қазан, 2021 14:15
Талқылау