Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүйедегі ақау салдарынан іске қосылған болуы мүмкін – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыдағы жер сілкінісі туралы

Фото: ОҚК

Сенат кулуарында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Алматыда әлсіз жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі неліктен іске қосылғанын түсіндірді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Біздің станциялардағы орнатылған жүйелердің өзінде ақау болуы мүмкін. Жер сілкінісі әлсіз болды,  шамамен 2–3 балл. Ал жүйе 5 балдан бастап дабыл беруге бапталған. Әрине, ішкі механизмде бір ақау кеткен сияқты. Қазір біздің мамандар тексеріп жатыр", — деді вице-министр.

Журналистер Алматыда мұндай жалған ескерту бұған дейін де болғанын, халық кейін шын қауіпті жер сілкінісі туралы хабарламаға сенбеуі мүмкін бе деп сұрады.

"Иә, солай болған. Бұрын да жалған іске қосылған жағдай болған. Содан кейін жүйені қайта баптадық. Әрбір сейсмодатчикті жеке-жеке реттеу қажет. Бізде шамамен 70 сейсмостанция болады. Бұл жүйені жөндейміз. Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы арнайы үндеу жасады. Уайымдауға себеп жоқ, біздің комиссия тікелей жабдық орнатқан жеткізушілермен жұмыс істеп жатыр", — деді Кеген Тұрсынбаев.

Бүгін алматылықтар тағы да жер сілкінісі туралы ұлттық хабарлама алған, бірақ ешқандай дүмпуді сезбеген.

Алматы қалалық ТЖД хабарлауынша, сейсмодатчиктер Қырғызстан аумағында, Алматыдан 136 км оңтүстік-батыстағы жер сілкінісін тіркеген. Жер сілкінісі халық пен инфрақұрылымға қауіп төндірмеген.

"Сейсмооқиға туралы хабарлама автоматты түрде қалыптасты. Хабарлама дұрыс жолданған, бұл қате емес, жүйенің тестілік жұмыс тәртібінің бір бөлігі", — деп түсіндірді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті.

Қыркүйек айында да алматылықтар жер сілкінісі туралы ескерту алған, алайда ешқандай дүмпу сезілмеген болатын.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 23 Қазан, 2025 18:18
Талқылау