Алматыдағы жастар саясаты басқармасы қалай жұмыс істейді
Алматыдағы жастар саясаты басқармасы жастарды еңбекпен қамту, олармен жұмыс істеуге арналған орталықтар ұйымдастыру, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырумен шұғылданады. Бүгінгі таңда басқарма 10 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл үшін арнайы платфора құрылып, арнайы "Мансап күні" өткізілген.
2022 жылдың желтоқсанында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында Жол картасы бекітілген. Жол картасы жастарды еңбекпен қамту, жастармен жұмыс істеу үшін инфрақұрылыс құру, мәдени, спорттық және шығармашылық шаралар өткізу, жастарды жатақханамен қамту секілді 4 бағытты қамтиды.
2023 жылдың ақпанында "Depo evolution park" жастар лофт-орталығында қалалық мансап орталығы ашылған. Оның негізгі мақсатына жастарға жұмыс орнын іздеу, семинар өткізу және түрлі түрлі шара өткізу кіреді.
Жастарды жұмыспен қамту үшін "Jobfаir365" платформасы бар "Jasalmaty.kz" порталы құрылды. Платформа арқылы тегін жұмыс іздеп қоймай, сертификат алу үшін қысқа мерзімдік курстан өтуге болады.
Мұның барлығы білім алу және жұмыс іздеу уақытын қысқартады екен. Бүгінде 3,7 мың вакансия орналастырылып, 1,5 мың жұмыс беруші тіркелеген.
Ал "Мансап күні" жобасының негізгі мақсаты – қол жетімді жұмыс орындарының санын арттыру, жұмыс берушілер үшін қызметкер табу уақытын қысқарту. Сондықтан 2023 жылдың маусымында қаланың әр ауданында 8 Мансап күні ұйымдастырылды.
"Шараға барлығы 850 ірі компания, 35 жоғарғы оқу орны мен 83 колледж, жастарға кеңес беру үшін профориентолог пен коучтер қатысты. Жалпы шаралар 26 мың адамды қамтыды", - делінген жастар саясаты басқармасының хабарламасында.
Бұдан бөлек маусымдық "Жасыл ел" жобасы да қарқынды дамып келеді. 2005 жылы басталған жоба бүгінгі күнге дейін тұрақты ұйымдастырылып, әр маусымда 2100 адамды еңбекпен қамтуға көмектеседі.
Сонымен қатар жастар саясаты басқармасы білім беру мәселесін де қолға алған. Қаладағы еңбек нарығын бағамдай келе басқарма ең қажеті және сұраныс жоғары мамандықтар бойынша 30 қысқа мерзімді курс бастады. Жыл басынан бері мұндай курстар арқылы 6,3 мың адам білім алып, 4,2 мың жұмысқа орналасты. Ал 2,1 мың адам тағлымдамадан өткен.
Әр аумақтағы комьюнити-орталықтар
Жастарға мекенжай бойынша көмек көрсету бойынша жұмыстар атқару үшін Алматы қаласындағы әр ауданда комьюнити-орталықтар ашылады. Солардың бірі Алмалы ауданындағы "Depo evolution park" лофт-орталығы базасында жұмыс істейді. Әр комьюнити-орталықтың аумағы 300-500 шаршы метр. Мұнда психологиялық, заң, еңбекпен қамту, кәсіпкерлік, профориентация бойынша кеңес алуға болады. Сондай-ақ коворкинг аумағы да бар.
Алматы жастары есірткіге қарсы
2022 жылдың күзінен бастап қалада 8 "Наркостоп" мамандандырылған орталық жұмыс істеп келеді. Себебі есірткі тұтынатындар қатарында 13-14 жастағы жасөспірімдер бар екен.
Орталық жұмысына 2 мың ерікті тартылып, есірткі таратуға және сатуға арналған 61 мың сайт атауы өшірілді. 11 профилактикалық бейнеролик түсіріліп, жастар мен олардың ата-аналарына арналған 40 дәріс өткізілді. Ал жыл басынан бері call-орталық әр аймақтан 4 мыңнан аса қоңырау қабылдаған.
Бұдан бөлек психикалық денсаулық орталық мамандары, есірткімен күрес басқармасының қызметкерлері және дәрігерлердің қатысуымен 2023 жылдың қаңтарынан бастап университеттерде түрлі тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар жастар саясаты басқармасының басшылығымен балаларға арналған 500-ден аса офлайн лекция өтті.
Жастар саясаты басқармасы спорт және мәдениет саласын да қамтып, шаралар ұйымдастырады. Мәселен, NEET категориясындағы жастарды қолдау үшін футбол және волейболдан "DÚISENBILIK SPORT-2022" шарасы өтті. Ал "ALMA CUP" жобасы аясында Алматы жастары арасында футбол, волейбол мен киберспорттан спорттық ойындар ұйымдастырылған.
Ал "Youth Nomads" жобасы аясында ұлттық ойындар бойынша жарыстар өтіп, барлығы 10 мың адам қамтылады деп жоспарланып отыр.
Қала жастары арасында волонтерлерді қолдау жұмыстары да қолға алынған. Бүгінде еріктілердің фронт-офисі 28 ірі ұйыммен серіктестік орнатқан. Ал жалпы еріктілер саны 50 мыңға жетеді.
Биылдың өзінде еріктілер Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 50 тонна гуманитарлық көмек жинапты. Ал Абай облысындағы өрт кезінде көмек ретінде 5 тонна гуманитардық көмек жіберді.
Жастарды жатақхана және жалға алынған баспанамен қамту мәселесі
Жатақхана салу жұмысын бақылау үшін әкімдік және ғылым және жоғарғы білім министрлігімен бірлесіп жобалық офис ашылды. Іске қосылған соң 111 инвестор хабарласқан.
Қазіргі уақытта 36 822 орындық 44 жоба жүзеге асырылу үстінде. Оның 30-ы жаңа жатақхана салуға бағытталған. Өзге 67 инвестордың жобасы бойынша жер учаскесі ізделіп жатыр. 2023 жылдың соңына дейін 3959 орындық 15 нысан қолданысқа беріледі.