Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы машина жасау зауыты жұмысшыларына 30 миллион теңге қарыз

Алматыдағы машина жасау зауытының қырыққа жуық қызметкері үш айдан бері өзіне тиесілі айлығын ала алмай жүр. Жұмысшылар кәсіпорынның 30 миллион теңгеден астам қарызы барын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Иформбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Үш айдан бері жалақысыз жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылмағанына да бір жылға жуық уақыт болған. Жұмысшылардың бірі Виктор Шукидің “КазЭлектроПривод” машина жасау зауытында жұмыс істеп жүргеніне 10 жыл болған. Ол механикалық бөлімшенің бастығы болып қызмет етіп келді. Алайда ол үш ай бойы айлықтың берілмей жатқанына наразы. Айтуынша, кәсіпорын оған 700 мың теңге қарыз.

“Зейнет жасына жақындап қалдым. Жақында зейнетке шығамын. Еш жер жұмысқа алмайды. Жұмысқа тұру үшін сұхбаттасуға барасың, бірақ жасым 60-тан асып кеткенін білгенде жұмысқа жарамсыз екенімді айтады. Қаржылық қиындықтар да бар. Сол себепті отбасылық жиындарды өткізе алмаймын. Маған ем алу керек. Оған да ақша жоқ”, – дейді Виктор Шуки.

Қырыққа жуық жұмысшы жалақысын ала алмай жүр. Олардың есебі бойынша қарыз мөлшері 30 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ жұмысшыларға әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылмағанына бір жыл болған.

“25 қыркүйекте біздің акционерлердің жиналысы болды. Осы кездесуден кейін компания қызметкерлеріне бар қарызын төлеуге міндеттелгенін және қарызды 18 қазанға дейін төлейтінін айтты. Бірақ бұл уәде орындалған жоқ”, – дейді Алматы тұрғыны Гүлнәр Әшімова.

Бір топ жұмысшылар зауытқа барып, басшылармен тілдеспек болды. Алайда зауыт жабық, басшылар жоқ. Олармен телефон арқылы тілдесу де мүмкін болмады.

Зауыттың экс-қызметкерлері еңбек инспекциясына хабарласуды ұйғарып, ұжымдық арыз жазды. Олар қажет болса бұрынғы басшыларын сотқа беретінін жеткізді.

Талқылау