Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы газ құбыры жарылысының себебі айтылды

газ құбыры

Фото: QazaqGaz Aimaq

Алматыдағы жерасты газ құбырын жөндеу жұмыстарын жүргізген "СантехКомплектГрупп" ЖШС жер бетіне газдың шығуынан келген шығынның орнын толтырады. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды. 

QazaqGaz Aimaq компаниясы хабарлағандай, оқиға болған учаскеде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген, Себебі 1972 жылы пайдалануға берілген ескі газ құбыры тозған. "СантехКомплектГрупп" ЖШС мамандары бұрын салынған, бірақ әлі пайдалануға берілмеген учаскелерді бір жүйеге қосу жұмыстарын жүргізіп жатқан.

"Технологиялық тығынды кесу кезінде құбыр жарылып, ауа қоспасы сыртқа шыққан. Жол жабынына, бірнеше автокөлікке және бір ағашқа зақым келген. Автокөліктердің біріндегі жүргізуші мен жолаушы зардап шекті, оларға медициналық көмек көрсетілді. Газ қызметі мамандарының жедел әрекеттерінің арқасында халыққа газ жеткізу тоқтатылған жоқ. Қаза тапқандар жоқ", – деп хабарлады компания.

Алдын ала нұсқа бойынша, оқиғаның себебі құбырдағы жасырын өндірістік ақау болуы мүмкін. Қазір мамандар зақымданған бөлікті ашып, техникалық тұрғыдан жан-жақты талдау жүргізіп жатыр.

"Біз дереу әрекет етіп, оқиға орнын қоршап, алғашқы тексеріс жүргіздік. Газбен қамту тоқтаған жоқ, қауіп жоқ. Келтірілген шығынды мердігер ұйым өз мойнына алады", – деп сендірді "QazaqGaz Aimaq" Алматы өндірістік филиалының директоры Ақылбай Сапаров.

Сондай-ақ компания барлық қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтауға уәде берді.

Еске салсақ, Алматыда газ құбыры жарылып, жол жамылғысы опырылғаны айтылды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 21:03
Талқылау