Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы үш адамның өмірін қиған автобус апаты: Жүргізушіні ұрды деп айыпталған жолаушыны қандай жаза күтіп тұр

22 желтоқсанда Алматыда автобус аялдамадағы адамдарға келіп соғылып, үш адам қаза тапты. Сол күні жолаушының бірі жүргізушіні ұрып, шопыр әйелдің есінен танып қалғаны белгілі болған. Осы себепті басқарусыз қалған көлік адамдарды таптап өткен. 25 желтоқсанда адам шығыны болған жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған күдікті екі айға қамауға алынды. Stan.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірген заңгер күдіктінің қанша жылға сотталуы мүмкін екенін және тағы қандай айыптар тағылу ықтималдығымен бөлісті.

автобус коллаж

Оқиға қалай болды?

Полицияның ақпаратынша, оқиға 47-автобуста кешкі сағат 18:15-те болған. Автобуста жолаушы жүргізушінің басынан ұрып, шопыр есінен танып қалған. Басқарусыз қалған автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, үш адам қаза тапты. Оқиғадан тағы төрт адам жараланып, ауруханаға түскен.

Алдын ала таралған мәліметке сүйенсек, жолаушы автобус жүргізушісінің жолақысын төлеу туралы талабынан соң жанжал шығарған. Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші бірнеше жұдырықтан соң есінен танып қалған. Мұны желіде таралған видеодан да анық көруге болады.

Автобус жүргізушісі 36 жастағы әйел ми жарақатын алған, қазір нейрохирургия бөлімінде жатыр. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы жол апатынан жараланған 50 жастағы әйелдің жағдайы ауыр екенін хабарлаған. Зардап шеккен тағы екі адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде 15 жастағы жасөспірім де бар. Сондай-ақ кейбір куәгерлер ер адам жүргізушіге ақшасын дұрыс қайтармады деп шүйліккенін айтқан еді. 

Жүргізуші әйелді ұрған ер адам оқиға орнынан қашып кетпек болған. “Балама баруым керек” деп кетіп қалмақ болған азаматты сол жерге жиналған өзге азаматтар ұстап қалған.

Күдіктіні қандай жаза күтіп тұр?

Екі айға қамауға алынған күдіктінің үстінен "Бұзақылық" және "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі не көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" баптары бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Заңгер Альбина Бахтиярқызы жоғарыда аталған "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі не көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы бойынша адам өліміне алып келген жағдайда үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін айтады. Ал “Бұзақылық” бабы бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Сонда күдікті жалпы алғанда 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. 



“Күдіктіге қанша жыл мерзімде жаза тағайындалуы мүмкін және ол неге байланысты? Біріншіден, оның (күдіктінің – ред.) жеке басына, қылмыстың квалификациясына байланысты. Егер де іс екі баппен сараланатын болса онда жазаларды біріктіріп бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал. Қазір бұл іс бойынша бірнеше сараптамалар тағайындалады, ол сараптаманың қорытындысы да қылмыстың саралануына әсер етеді”, – деп түсіндіреді Альбина Бахтиярқызы.

Заңгер бұл істе бірнеше адам өлімі болғанына байланысты жазаның қатаң болатынын ескертеді. 

Ол тергеу жұмыстары мен тиісті сараптамалардан кейін бұл іске қатысты тағы бір мән-жайлар анықталып, күдіктінің бұдан басқа да заңбұзушылықтар жасағаны зерделенетінін айтады. Алайда қазір көпшілікке белігілісі – жоғарыда аталған баптар.

“Қазір қоғам бұл оқиғаны жарияланған видеоға байланысты ғана талқылап жатыр. Бірақ одан басқа куәгерлер бар, жәбірленушілер бар сол секілді тиісті тұлғалардан жауап алынғаннан кейін, сараптамалардың нәтижесінен кейін ол азаматтың бұған дейін де заңды бұзғаны анықталуы ықтимал”, – деп жалғады заңгер.

26 желтоқсанда осы оқиғаға қатысты пікір білдірген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мұның үлкен трагедия екенін атап өтіп, “жұмыс орнын ұйымдастыру тәсілдеріне сәйкес жұмыс беруші жұмыс алаңын қамтамасыз етіп, жүргізушіні жолаушылардан бөлек етуі керек” екенін айтқан. Министр жұмыс берушінің басты міндеті қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін жеткізген.

Талқылау