BI Group жалдаған компания жұмысшыларына еңбекақысын төлемеді деп айыпталды
Фото: Видеодан скрин
Астана маңындағы Қоянды ауылындағы жол құрылысы төңірегіндегі дау ушығып барады. BI Group пен қосалқы мердігерлер бір-бірін айыптап жатқанда, жұмысшылар тобы екі айдан бері еңбекақысын ала алмай, сабылып жүр. Ал желі қолданушылары BI Group компаниясының тендерді өз ішінде бірнеше рет өткізуі қаншалық заңды деген сұрақ көтеріп, жүйенің ашықтығына күмән келтіріп отыр. Осы ретте Stan.kz құрылыс компаниясынан жағдайдың мән-жайын сұрадық.
Қоянды ауылындағы жол құрылысы жобасының бас мердігері BI Group құрамындағы "АБК-Автодор НС" компаниясы. Ол мемлекеттік тапсырыс негізінде жол салу жұмысын жүзеге асырып жатыр. Ал "Road Building Group" осы ұйымның қосалқы мердігері ретінде тартылған. Яғни, BI Group негізгі келісімшартты мемлекетпен жасаған соң, жобаның кей бөліктерін орындауды өз ішіндегі тендер арқылы "АБК-Автодор НС"-ке, ал ол өз кезегінде жұмыс көлемінің бір бөлігін "Road Building Group"-қа тапсырған. Осылайша, бірнеше деңгейлі тендер жүйесі қалыптасып, жұмыс нақты орындаушыларға жеткенше бірнеше рет тапсырылған. Дәл осы тізбекті келісімдер кейін есеп айырысудағы қиындықтарға және төлемдердің кешігуіне себеп болған.
Алайда "Road Building Group" өзіне тапсырылған жұмыстың бір бөлігін атқару үшін тағы қосалқы жұмысшыларды жалдаған. Жол төсемін салған бұл топ екі айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Компания төлемді бірнеше рет кешіктіріп, соңғы айлықты мүлде төлемеген. Келісімшарттағы міндеттемелер орындалғанына қарамастан, жұмысшылар еңбегінің өтемін күтіп жүр.
Фото: bnect.pro скрин
Желідегі видеода әйел "Road Building Group" басшысымен сөйлеседі. Ол BI Group компаниясының тендер өткізу және мердігерлермен жұмыс істеу жүйесінде түсініксіз жайттар бар екенін айтады. Әйел қосалқы мердігерден BI Group тендерді қалай өткізетінін және бұл мемлекеттік жоба екенін еске салып, сұрайды.
"Жалпы, BI Group өздерінің ішкі жүйесі бар сияқты, олар қосалқы мердігерлердің арасында, яғни біздің арамызда тағы өз тендерін өткізеді. Мұны түсінбеймін... Нақтырақ айтсам, бұл жөнінде пікір білдіре алмаймын", – дейді видеодағы жолдың құрылысын жасап жатқан "Road Building Group" басшысы Берік Нұрғалиев.
Әйелдің айтуынша, тендерді ұтып алған компания өз ішінде қайта тендер өткізіп, жұмысты басқа ұйымдарға бөліп береді. Ол мұндай жүйенің заңдылығына күмәнданып, компанияның делдалдықпен айналысып отырғанына күдіктенеді.
Алайда қосалқы мердігер "Road Building Group" компаниясы тағы да жұмысшаларды жалдаған. Осы ретте жұмысшылар тобының бригадирі қоластындағылардың еңбекақысын төлеу үшін экскаватор мен техника жалдап, жол жұмыстарына материал жеткізген.
"Мен экскаваторды жалға алып, материалды өзім тасып, кейін сатып, сол қаражатпен жүргізушілерімнің еңбекақысын өтейін деп ұсыныс жасадым. Бірақ оған да келіспей, жауап беруден жалтарды. Біреудің еңбегін жеуге болмайды. Бұл дұрыс емес іс әрі мұндай әрекет ұзаққа бармайды. Менің де көлік жүргізушілерім, жүк таситын көлігім бар. Олардың да бала-шағасы бар, олар да менен ақша күтіп отыр", – деді бригадир.
Бригадирдің айтуынша, алғашқы екі айда мердігер компания "ақша кешігеді" деп уәде берген, кейін бір рет уақытында төлеген, бірақ соңғы айларда 10-20 күнге дейін кешігіп отырған. Кейінгі шілде, тамыз айында жағдай күрделеніп, BI Group "АБК-Автодор НС"-тің жұмысты қабылдамай жатқанын айтқан.
"Бізге, ең бастысы, “мына жерге төк, мынаны әкел, мынаны тиеп кет” деген тапсырмалар берілді, бәрін орындадық. Атқарылған жұмыстар актісіне қол қойылған. Бірақ ақыр соңында бізді жалдаған компания ақша төлемей отыр", – деді жолды жасаған бригадир.
Олардың сөзінше, барлық жұмыс уақытында орындалып, актілерге қол қойылғанымен, төлем әлі күнге дейін кешіктіріліп келеді.
"Біздің атқарылған жұмыстар актісіне қол қойылған. Таяуда "АБК-Автодор НС" өкілдері “ақша төледік” деп, "Road Building Group" компаниясының өкілдері алдында айтты. Ал бізбен келісімшарт жасаған "Road Building Group" те өз құжаттарын көрсетіп, жолдың белгіленген сомаға жасалғанын көрсетті. Егер қабылданбай тұрған жерлері болса, бізді жалдаған компанияға “айтыңдар, күрек алып қазып, жөндеп береміз” дедік. Бірақ ол кезде де ешқандай жауап болмады", – деп шағымданды бригадир.
Кейін видеодан әйелдің BI Group өкілі жағдай бойынша түсініктеме алып жатқанын байқауға болады. Қызметкердің айтуынша, ішкі тексеріс барысында кейбір қосалқы мердігерлердің көлемді жұмыстарды асыра көрсеткені анықталған.
"Road Building Group" қосалқы мердігерлік ұйымы көлемді жұмыстарды қабылдау кезінде шамадан тыс сандарды көрсеткен. Негізінен, сол материалдар жол төсемінде болмаған. Біз бұл туралы уақытылы хабарлап, сол топты жұмыстан шеттеттік. Қазір он шақты адам қызметінен босатылды, ішкі қызметтік тергеу жүргізілді", – деді компания өкілі.
Әйелдің айтуынша, бұл тексерісті BI Group компаниясының ішкі қауіпсіздік қызметі жүргізген. Компания өкілі де бұл ақпаратты растаған. Сонымен қатар ол жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны жөнінде хабарсыз екенін мәлімдеген.
"Сонда BI Group, BI Group-тың құрамындағы “Larvobl” компаниясы осында жұмыс істейді. BI Group осында келіп, өз ішінде тағы тендер өткізеді екен. Егер сол ішкі тендерден біреу бас тартса, басқаға береді. Бұл қаншалықты заңды? Мен соны нақты білгім келеді. Екіншіден, “Роад билдинг групп” компаниясының өкілі Берік Нұрғалиев “менің келісімшартым бар, сол бойынша шешім қабылдадым” деді. Қазір 900 метр жол бойынша “АВР” жұмысты қабылдамай жатыр, "АБК-Автодор НС" те қолдамайды екен. Сонда 900 метр асфальт неге қабылданбай отыр? Бұған кім жауап береді?" – деп сұрады әйел.
Әйелдің сөзінше, бұл жағдай Қазақстанның көптеген өңірінде өзекті мәселеге айналған. Тендерге қатысқан компаниялар қаржысы жетпегенде жұмысты қосалқы мердігерлерге береді, ал олар өз кезегінде тағы басқа фирмаларға тапсырады. Соның салдарынан ең соңында қара жұмысшылар еңбекақысын ала алмай қалады.
Осыған байланысты редакция BI Group-ке құрамындағы бас мердігер ұйым "АБК-Автодор НС" ЖШС туралы сауал жолдады. Компания Қоянды ауылындағы жол құрылысына қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Қосалқы мердігер ұйым "Road Building Group" жұмыстарды орындауды тоқтатып, төлемнің жүргізілмегенін мәлімдеді. Алайда төлемдердің тоқтатылуына себеп – қосалқы мердігердің өз міндеттемелерін орындамауы. Атап айтқанда, актілерде көрсетілген көлемдердің артық жазылуы, нақты орындалған жұмыстардың жобалық параметрлерге сай келмеуі және тиісті атқарушы құжаттаманың болмауы", – деп пікір білдірді компанияның баспасөз қызметі.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың тамыз айында жүргізілген тексеру кезінде "Road Building Group" тарапынан орындалған жұмыстар актілерінде асыра көрсетілген деректер анықталған. Осыған байланысты ұйымға кемшіліктерді түзету туралы ресми хаттар жолданған, алайда олар талаптарды орындаудан бас тартқан.
"BI Group тек нақты орындалған және құжатпен расталған жұмыстар үшін ғана төлем жүргізеді. Артық көлемдер мен рәсімделмеген учаскелер қабылданбайды және төленбейді", – делінген жауапта.
Компания өкілдері атап өткендей, тасымалдаушылармен BI Group арасында келісімшарттық қатынастар болмағандықтан, олар өз талаптарын "Road Building Group" компаниясына заң аясында қоюға тиіс.
"Қосалқы мердігер жұмысты тоқтатқанымен, “АБК-Автодор НС” құрылыс жұмыстарын өз күшімен жалғастырып, мемлекеттік тапсырыс беруші алдындағы міндеттемелерін орындап жатыр. Компания барлық әрекеттерін заң және келісімшарт талаптарына сай жүзеге асыруда және өз ұстанымын құқықтық жолмен қорғайды", – деп хабарлады ұйым.
BI Group жалдаған компания жұмысшыларына еңбекақысын төлемеді деп айыпталды