Алматы әкімдігі таң ата шыққан белгісіз шудың шығу себебін түсіндірді
Алматылықтарды 9 ақпанға қараған түні шыққан белгісіз дыбыс алаңдатты. Әкімдік шудың неден шыққанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Желі қолданушылары шу қаланың бірнеше жерінде анық естілгенін айтып, бейнежазба жариялады.
Мұның себебін Алматы әкімдігі таңертең жылу электр станцияларының (ЖЭС) технологиялық қорғанысы іске қосылғанынан деп түсіндірді.
"2024 жылдың 9 ақпанында сағат 04:40-та технологиялық қорғаныс іске қосылды, нәтижесінде жақын маңдағы үйлердің тұрғындары шуды естіді. Бұл – қазандықтың автоматты қорғанысы жұмыс істейтін стандартты жағдай. Осы жағдай тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етуге әсер етпегенін ескертеміз", – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда үш жылу электр орталығын "Путиннің досына тиесілі" компания салатыны туралы хабарлаған едік. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың сөзінше, 3 жобаға шамамен 350 миллиард теңге жұмсалады.