Алматыдағы Арбатта ес-түссіз жатқан бір топ жасөспірім жұртты шошытты (видео)
Видеодан скрин
Алматыдағы Арбатта ес-түссіз жатқан бір топ жасөспірім жұртты шошытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасөспірімдердің әрекетін тұрғындар видеоға түсіріп алған. Видеодан жасөспірімдердің бас көтере алмай отырғанын, кейбіреулерінің жерде сұлап жатқанын көруге болады.
Видеоны көрген жұрт жеткіншектер "есірткі қолданған" деп ойласа да, полиция кәмелетке толмаған балалар масаң күйде болғанын мәлімдеді. Алматы қаласының балалар омбудсмені Диана Ерланның айтуынша, екі жасөспірім алкогольден улану белгілерімен қалалық балалар ауруханасына жіберілген.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнында 5 жасөспірім мас күйінде анықталған және оларға тез арада медициналық көмек көрсетілген.
"Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдердің қалай алкоголь тұтынғаны, кіммен бірге болғаны және спирттік ішімдікті қайдан алғаны анықталуда. Полиция, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәртібі үшін бірінші кезекте ата-аналар жауапты екенін ескертеді", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жасөспірімдерді қараусыз қалдырғаны үшін олардың ата-аналарына заңнамаға сәйкес шара қолданылды. Ал балаларға ішімдік сатқандар әлі де іздестірілуде. Олар табылған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапқа тартылады.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
