"Гарвард пен Оксфордқа дайындаймыз деді": Алматыда жүздеген талапкер алаяқтардың құрбаны болды
Фото: Видеодан скрин
Алматыда Гарвард пен Оксфордқа түсеміз деген үмітпен оқуға дайындалған жүздеген оқушы мен олардың ата-аналары алаяқтарға алданып қалды. Ата-аналардың айтуынша, бір жеке білім беру орталығы балаларыңызды әлемнің жетекші университеттеріне дайындаймыз деп уәде беріп, әр оқудан 1,5 миллион теңге көлемінде ақы алған. Алайда күтпеген жерден оқу орталығы жабылып, кеңселердің есіктері мөрленген. Қазір орталықтың басшылары байланысқа шықпай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір оқу орталығының кеңсесінің алдында ата-аналар мекеме басшыларымен кездесуді талап етіп жатыр. Көпбалалы ана Марьям Костригинаның айтуынша, оларды акция арқылы қатысып жатыр деп алдаған.
"Бізге "жолымыз болды, акцияға түстіңіздер" деді. Тоғыз айлық оқу 600 мың теңге болады деді. Біз сол соманы төледік. Күйеуіммен бірге несие алып, ақшаны бердік. Мамыр айынан бастап сабақ мүлде тоқтады. Ақшаны қайтарып беруді сұрағанымызда, еш жауап алмадық", –деді Марьям Костригина.
Көп ата-ана балаларын IELTS және математика сабақтарына жаздырған. Тіпті кейбір ата-аналар қосымша шет тілін (неміс, түрік немесе итальян тілін) тегін үйренуге болады деген уәдені естіген.
Ата-ана Дмитрий Веригоның сөзінше, балаларына бірнеше тілді тегін үйренуге болады деп сендірген.
"Бізге аптасына бес рет IELTS пен математика өтеді деді. Қосымша бір шет тілін тегін үйретеміз деді. Бірақ ол сабақтарға біз тіпті қатыса да алмадық. Қызымыз шок жағдайында. Біз қандай да бір жол іздеп жатырмыз. Бірақ бұл ақшаны қайтарамыз деп үміттене алмаймыз", – деді Дмитрий Вериго.
Иманғалиевтер отбасы да алданып қалған. Олар ұлдарын Венгрия университетіне дайындау үшін 1,4 миллион теңге төлеген. Ұлы спортты тастап, бар уақытын оқуға арнаған.
"Ұлым – велоспорттан спорт шеберлігіне кандидат. Оны спорттан шығарып, оқуға көндірдік. "Күніне бес рет сабақ болады" деді. Бірақ бір айдан соң Венгрия университеттеріне 18 жастан кейін ғана қабылдайтынын білдік. Ұлым 11-сыныпта, жасы 17-де. Қазір ол спортсыз да, білімсіз де қалды", – деді Мақпал Мұхтарқызы.
Астанада да осындай жағдай қайталанып отыр. Онда да көптеген ата-ана баласын оқуға дайындаймыз деген орталыққа ақша төлеп, дымсыз қалған. Алматы мен Астанада зардап шеккендер саны мыңнан асқан. Тіпті кейбір мұғалімдерге де жалақы төленбеген.
Білім орталығының бірнеше филиалы болған. Алматыдағы екі мекеменің де есігі мөрленген. Орталықтың басшылары қайда екені белгісіз.
"Мұндай жеке қосымша білім беру орталықтарына бақылау болған емес. Бірақ қажет болса, бұл мәселені депутаттармен бірге көтереміз. Заң жүзінде қарастыру керек. Ата-аналар сотқа немесе құқық қорғау органдарына жүгіне алады", – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, алданған ата-аналар арыз жазған.
"Барлық арыз бір өндіріске біріктірілді. Абай ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша (аса ірі көлемдегі алаяқтық) қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмысқа кінәлі адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылданады", – деді Салтанат Әзірбек.
Оқу орталығының басшыларының қайда екені әзірге белгісіз. Ата-аналар бұл істі сотқа жеткізбек.
Шымкентте оқушы "Free Fire" ойыны аккаунтын сатып аламын деп алаяққа 2 миллион теңге аударған
Астаналық сатушы "көз тиюден" арыламын деп алаяққа алданып қалған
Еске салайық, бұған дейін Астанада білім беру орталығына миллиондап ақша төлеген ата-аналар алданып қалғанын айтып шу шығарғанын жазған едік. Қазір орталық есігі жабық. Себебі полиция мөрлеп тастаған. Ғимаратты жалға берушілер жалдау құны айына 4,5 миллион теңге екенін айтады. Ал орталық иесі жалға берушілерге әлі 6 миллион теңге қарызын төлемеген. Орталықтың бас директорымен де, ондағы мамандармен де байланысқа шығу мүмкін болмаған.

Ата-аналар жекеменшік мектептердегі оқу ақысының қымбаттауына наразы: Биыл білім алу құны қаншаға өсті?
