Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жатақханадан орын таппаған студенттер далада түнеп жүр

Алматыда жатақханадан орын таппаған студенттер далада түнеп жүр. Жалға пәтер алуға қалтасы көтермеген жастар, саябақтарда, метро мен вокзалдарда, тіпті көлікте түнеуге мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Алматыдағы әйгілі "Жетім бұрыш" мекенінде үйді жалға берушілер таңның атысынан кештің батысына дейін жарнама жасап жүреді. Баспана іздеп сабылып жүрген студенттер де, ең алдымен, дәл осы жерге келеді.

"Жетім бұрышта" үй іздеп келушілердің, оның ішінде студенттердің қарасы көп. Сөздерінше, алатын шәкіртақылары жетпейді. Жоғарғы курс студенттері бұған дейін де талай рет саябақтарда түнеуге мәжбүр болғандарын айтты.

“Жататын жер мәселесі өте қиын болып тұр. Жол сумкаларымен көшеде қаңғып жүрген студенттерді көп көрдім. Сабақтан кейін пәтер іздеп жүреміз де, кешке дейін табылмағаннан кейін, амал жоқ, далада қаламыз достарымызбен. Парктарда, скамейкаларда, арбатта қалған кездер болды”, –дейді студент.

Білім алушылар жатақханалардың көбінесе 1-ші курс оқитын студенттерге берілетінін айтып күйінеді. Амалдың жоқтығынан пәтерақы үшін түнде жұмыс істеуге тура келеді деді. Пәтер іздеп, алаяқтарға ұрынып қалатындарын да жасырмады.

“Әсіресе, 1, 2, 3, курс студенттеріне өте қиын. Квартира бағасы қымбат. Алдыңғы, өткен жылдағыларға қарағанда өте қымбат. 250-300 мыңның шамасына кеткен ғой уже. Олардан әрі кететіндері де бар”, – дейді студент.

Далада қонып жүрген студенттер өте көп. Қазіргі таңда осы Жібек жолы, Арбат дейді, басқа да жерлерде бар. "Жетім бұрышты" жағалайтын риелторлар үйді клиентке көрсету үшін кемінде 2000 теңге қаражат алады. Егер үй ұнап жатса, қосымша тағы да қызметіне ақша алады екен.  Бүгінде 1 бөлмелі пәтерді жалға алу құны орташа есеппен 160.000 теңгені құрайды, 2 бөлмелі пәтерлер 250.000 теңге болса, үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 320.000 теңгеге жеткен.

“Мен осы жерде 20 жылдан бері отырамын. Квартира өткіземін, өзім иесі емеспін. Біз апарамыз, үйді көрсетеміз. Ұнаса ғана тиісті ақшаларын аламыз. Кейде клиенттің жағдайына да қараймыз. Екі бөлмелінің өзі 280 деп келді кеше. Ком.услуга бәрі ішінде. Кеше біреуі келді екі бөлмеліні 350-ге өткізем деп. Неге олай қымбат десем, қазір бәрі қымбаттап жатыр, студенттер келіп жатыр дейді. Олардың жағдайын ойлап жатқан жоқ”, – дейді риелтор Гүлшара Мұхамеджанова.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев далада түнеп жүргендерді кездестірмеген. Ол студенттерді жатақханамен қамту мәселесі толық шешілгенше Алматыда болатынын жеткізді. Қажет болған жағдайда орын жетпеген студенттер хостелдер мен қонақүйлерге орналастырылатынын айтты.  

“Қосымша хостельдер болсын, бос болған жатақханалар немесе отельдермен келііп, қазірдің өзінде 7 мыңнан астам орын тауып, келісіп студенттерді орналастырып жатыр. Мысалы, біз тұрған Абай университеті жаңа маған ректордың өзінің айтуы бойынша 4 отель, хостельмен келісіп, мыңнан астам студенттің тұруына мүмкіншілік жасады”, – дейді ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша студенттердің 30 пайызы Алматыда оқиды. Бұл дегеніміз 182 мың студент. Олардың 30 пайызы жатақханада, 30 пайызы пәтер жалдап тұрады. Ал қалғандары туыстарының немесе өз үйлерінде тұрады.

Талқылау