Алматыда тау етегіндегі құрылыстарға қатысты сыбайлас жемқорлық әрекеттері анықталды
Алматыда тау етегіндегі құрылыстарға қатысты жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: sportishka.com
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2023 жылға арналған ұлттық баяндамасында мәлімдеді.
"Алматы қаласының тау бөктеріндегі аймақтарында жер телімдерін бөлу және құрылыс салу бойынша жүргізілген талдау қала құрылысы құжаттары мен жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, объектілер салу, жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін тартып алу барысындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Әрбір үшінші жағдайда дерлік өтініш берушілерге учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылып, содан кейін дәл сол тұлғаларға оң шешімдер берілді", – делінген баяндамада.
Агенттік анықталған фактілердің 2022 жылға дейінгі кезеңге қатысты екенін атап өтті.
“Қамшымен ұрып, мылтық кезеген”: Алматы тауларында байкерлерді сабаған шопандарға сот үкімі шықты
“Бау-бақшалы үй", "жылжымайтын мүлік құрылысы", "мансард" сияқты қарапайым ұғымдар нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Алматы қаласының бас жоспары сонау 2011 жылы өзектілігін жоғалтқан. Осы кемшіліктердің барлығы әкімдік қызметкерлеріне жер телімдерінің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгертуге, ал жер иелеріне кадастрлық құн айырмасын төлемей, тұрғын үйлер мен кешендер салуға мүмкіндік беріп келген. Осы олқылықтардың салдарынан бау-бақшалы жер үйлердің орнына көппәтерлі тұрғын үй кешендері салынды. Сондай-ақ жер телімдерін кейіннен жеке меншікке алу үшін жалған ғимараттарды пайдалануға беру, сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін негізсіз қымбат бағаға сатып алу фактілері анықталды. Тек екі жағдайда жерді асыра бағалау сомасы шамамен 4,7 млрд теңгені құраған, осылайша мемлекетке тікелей залал келтірілді", – делінген баяндамада.
Сонымен қатар, санитарлық-қорғау аймақтарында да құрылыс салуға рұқсат етілген жағдайлар анықталған.
"Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қар көшкіні, көшкін және сел қаупі бар аймақта 5 мыңға жуық ғимарат бар, бұл 29 мыңнан астам тұрғынның өміріне қауіп төндіреді. Алматының алты шағын ауданында құрылыс жүргізуге тыйым салынды", – делінген құжатта.
Агенттік мәліметінше, тау бөктеріндегі аймақтарда 54 заңсыз нысан анықталып, аталмыш нысандар бойынша мемлекет пайдасына 36 сот актісі қабылданған, оның ішінде заңсыз нысандарды бұзу бойынша шешімдер де бар.
Еске салсақ, бұған дейін алматылықтардың "Асыл арман" тұрғын үй кешенінің жанындағы улы иіс шығатын картон зауытын жабуды талап еткені туралы жазған едік.