Әлемдік және қазақстандық суретшілердің туындылары қойылған Almaty Museum of Arts ашылды
Фото: Almaty Museum of Arts
Алматыда жаңа мәдени кеңістік – Almaty Museum of Arts ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жерден Қазақстанның және шетелдің әйгілі суретшілерінің өнер туындыларын тамашалай алады. Stan.kz ақпарат агенттігі тілшісі музейдің ашылу салтанатына барып, ондағы өнер туындыларын көріп қайтты.
Музейдің дизайны
Almaty Museum of Arts әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан, алыстан-ақ көзге түседі. Музейді кәсіпкер, меценат, коллекционер Нұрлан Смағұлов ашқан. Ғимараттың аумағы – 10 060 шаршы метр, оны Chapman Taylor сәулет фирмасы салған. Музей сәулеті екі L тәрізді: ғимарат Алматы тауларының қуатын еске салатын Юра дәуірінің әктастарымен қапталып, заманауи қаланың ырғағын жеткізетін алюминий панельдермен әрленген.
Музей екі қабаттан тұрады. Әр қабатта бірнеше зал бар және әрқайсында түрлі жанрдағы, тақырыптағы өнер туындылары қойылған. Кейбір зал нақты бір суретшінің, мүсіншінің жұмысына арналыпты. Музейге кіргендер Шарын шатқалында жүргендей сезімде болады. Себебі онда Шарынның табиғи сипатында жасалған биік, кең әрі жарық бірнеше зал – “Өнер көшесі”, “әл-Фараби” көпфункциял зал, кәсіби қор сақтау орны, қалпына келтіру залы және "Шеберхана" шығармашылық кеңістігі бар. Музей қонақтарына ыңғайлы болу үшін кафе мен дүкен де салыныпты.
Музейде қандай залдар мен инсталляциялар бар?
Бірінші қабатта бірнеше кең галереялар бар. Соның бірі – 1000 шаршы метр болатын "Ұлы Дала" залы. Оның ауқымы мен атмосферасы ерекше әсерлі. Оның жанында шағын, бірақ өзіндік мінезі бар "Сарыарқа" залы орналасқан. Залдың аумағы – 520 шаршы метр.
Америкалық мүсінші Ричард Серраның соңғы туындысына арналған зал да бар екен. Бұл кеңістікке 155 тонна болатын “Қиылыс” деген өнер туындысы қойылған. Автор көзі тірісінде бұл туындысын Қазақстандағы жаңа музейге апарып, орналастыруға рұқсатын беріпті. Музейге келгендер лабиринтке ұқсайтын бұл мүсінді жанынан, үстінен тамашалай алады және ішінен жүріп өтіп, оның салмағын, аумағын, бос кеңістіктің маңызын түсіне алады.
Екінші қабатта шетелдің өнер мен мәдениет әлеміне түскендей боласыз. Себебі ол жерде бірқатар әлем суретшілерінің жұмыстары қойылған. Мәселен, бір залда неміс суретшісі Ансельм Кифердің “Бұл жазбалар өртенгенде ақыры бәрі анық болады” деген туынды түр. Автор бұл өнер туындысын ағаштан, өртенген кітаптардан, көмірден, эмульсиядан және тағы басқа дәстүрлі емес материалдан жасап, кескіндеме мен мүсін арасындағы шекараны бұзған. Ансельм Кифердің бұл жұмысы тарих, күйреу мен қайта өрлеу туралы.
Жапон суретшісі Яёи Кусама "Шексіздік бөлмесіне” шақырады. Себебі мұражайда оның “Махаббат шақырады” деген инсталляциясы орнатылған. Жарқ-жұрқ етіп, шексіз сияқты көрінетін инсталляцияны ішінен көре алады. Тағы бір залда америкалық бейнеөнердің пионері Билл Виоланың бес экраннан және бес қара гранит тақтадан тұратын "Тұрақтар" деген инсталляциясы бар. Автор сопылық философиядан шабыт алып, адамның ішкі жағдайы туралы ой толғауға шақыратын медитативті кеңістік жасаған.Музейдегі тағы бір ерекше зал – әртүрлі іс-шараға, көрмеге, экспозицияға ыңғайлап, өзгертуге, бейімдеуге болатын кеңістік. Бұл алаңның аумағы – 180 шаршы метр.
Almaty Museum of Arts негізін кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов қалаған. Коллекционер 30 жыл ішінде көптеген картиналар мен мүсіндерді жинап, 700-ден астам өнер туындысын Almaty Museum of Arts-қа ұсынды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл музейдің мақсаты – Қазақстанға өнер мәдениетін дамыту, бүкіл әлемдегі өнерсүйер қауымға Қазақстан, Орталық Азия және басқа елдердің өнерімен біріктіретін кеңістікті ұсыну.
“Біздің миссиямыз – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің дамуына қолдау көрсетіп, оның әлемдік мәдениеттегі орнын айқындау. Мұражай өткенімізді зерттейтін, бүгінімізді талқылайтын және болашаққа батыл қадам жасайтын динамикалық мәдени кеңістік ретінде құрылған. Бұл жобаның көркемдік стратегиясы мен бағдарламалық тұжырымдамасы мұражайдың көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиеваның жетекшілігімен дайындалды. Мұражай негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов: "Өнер менің өміріме үлкен әсер етті. Сондықтан мен Almaty Museum of Arts мұражайы басқаларға да осындай шабыт пен жанашырлық сыйлайды деп шын жүректен үміттенемін. Келушілердің алғашқы пікірлері аймақтың мәдени мұрасын сақтаумен қатар, оның болашағы туралы ойлануға мүмкіндік беретін кеңістіктің маңызын көрсетіп отыр. Мұндай ыстық ықылас мені шабыттандырады және мұражай білім, ашық диалог пен жаңа бастамалардың ордасына айналады деген сенімімді нығайта түседі”, – дейді Нұрлан Смағұлов.
Фото: Almaty Museum of Arts
Қандай көрмелер ұйымдастырылған?
Музейде түрлі көрме ұйымдастырылып, алты ай сайын ауысып отырады. Мәселен, музей есігін аша салып, екі жобаны ұсынып үлгерді: Qonaqtar көрмесі және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның "Мен бәрін түсінемін" деген ретроспективасы.
"Qonaqtar" көрмесін бас куратор Инга Лаце дайындады. Экспозицияда Айша Ғалымбаеваның “Қойшылар тойы” мен Салихитдин Айтбаевтың “Тың өлкеде. Түскі ас” сияқты классикалық туындылары, Ербосын Мелдібеков, Диляра Каипова және Шыңғыс Айдаров еңбектері ұсынылған. Осы арқылы көрме болмыс, жер ауыстыру және тамырын іздеу мәселелерін қозғайды.
Сонымен қатар қазақстандық Алмагүл Меңлібаеваның “Мен бәрін түсінемін” көрмесі ұйымдастырылып отыр. Кураторы әрі көркемдік жетекшісі – Гридтия Гавивонг. Экспозиция 1980-жылдардың соңынан бүгінге дейінгі шығармашылық жолындағы негізгі кезеңдерін қамтиды. Бұл кең алаңда Меңлібаеваның салған суреттері, түсірген фотолары, иммерсивті бейнеинсталляциялары, текеметтері мен мүсіндері тұр. Суретші өз туындылары арқылы феминизм, экология, тұлғалық саясат және Орталық Азия мифологиясы тақырыптарын қозғаған.
Дегенмен музейде тұрақты ілініп, қойылып тұратын коллекциялар бар. Мұндай топтамаға қазақстандық суретшілер – Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мактум Қисамедин және Шаймардан Сәриевтің туындылары, Қазақстанның заманауи өнерінің алғашқы қарлығаштары – Рустам Хальфин, Сәуле Сүлейменова және Саид Атабековтің жұмыстары кіреді. Орталық Азия заманауи өнерінің кеңейіп келе жатқан топтамасына Өзбекстаннан Саодат Исмаилова мен Қырғызстаннан Жазгүл Мадазимованың шығармалары да енген. Халықаралық мәдени диалогты дамыту үшін аустралиялық Хадим Алидің, қытайлық Сюй Чжэннің, Ұлыбритания азаматы Жаде Фадоютимидің және жаһандық арт-сахнаның басқа да көрнекті өкілдерінің туындылары тұрақты ілініп тұрады.
Фото: Almaty Museum of Arts
Музей сыртында қандай өнер туындылары тұр?
Жасыл желекке оранған музей сыртында субұрқақтар, демалыс орындары және бірқатар өнер туындысы бар. Бірден назар аударатыны – қазақы бұрымы бар қыздың портреті. 12 метр болатын “Надэес” деген мүсінді испандық мүсінші Жауме Пленсанның туындысы. Бұл мүсін қарбалас қаланың қақ ортасындағы тыныштық пен ой толғау сәті сияқты.
Сонымен қатар музей сыртында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 16 түрлі табиғи тастан жасалған алып шарлар бар. Олар металл құрылымдармен біріктіріліп, кеңістік, тартылыс күші және адамның әлемдегі орнын жеткізеді. Бұл – берлиндік суретші Алисия Кваденің 2023 жылы жасаған “Препозиция” деген туындысы. Автор оны Маңғыстау облысындағы Торыш шарлар алқабынан шабыт алып, жасапты.
Мұражай алдына британ-нигериялық суретші Йинка Шонибаренің сегіз метрлік "Жел мүсіні (ҮҰ) II" туындысын орнатты. Композиция желге керілген желкенді еске салады. Шебер Анкара маталарының айшықты өрнектерінен шабыт алып, өзіне тән жарқын бояулар арқылы мәдени бірегейлік пен отаршылдық мұра тақырыптарын бейнелейді.
Фото: Almaty Museum of Arts
Музейге кіру қанша теңге тұрады?
Музей сейсенбі-жексенбі аралығы күндізгі 11.00-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін істейді. Билет құны – 2000 теңге. Оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар 500 теңге төлеп кіре алады. Ал 7 жасқа дейінгі балалар, ардагерлер және оларға теңестірілген тұлғалар, еңбек ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, тіркеуден өткен журналистер, “Достар” бағдарламасына қатысатындар, мұражай қызметкерлері, CIMAM, ICOM және UNESCO мүшелері тегін кіре алады. Музейде арнайы гид қызметкерлері топтық және жеке экскурсиялар ұйымдастырады. Бұл туралы толығырақ ресми сайтынан білуге болады.
Мұражайда болашақта тұрақты түрде жаңарып отыратын көрмелер, халықаралық жобалар, шығармашылық шеберханалар мен зертханалық жұмыстар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта Tate Modern (Лондон) және Getty Foundation (Лос-Анджелес) сияқты жетекші институттармен бірлескен зерттеу жобалары іске қосылып, алғашқысы 2025 жылғы қазанда басталады.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
