Алматыда Құрбан айт күні қай жерлерде құрбандық шалынатыны айтылды
Фото: Рexels.com
6, 7 және 8 маусым күндері Қазақстанда қасиетті Құрбан айт мерекесі атап өтіледі. Биыл Алматы қаласында 12 арнайы орында құрбандық шалу рәсімін өткізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арнайы белгіленген орындар ірі мешіттердің маңында орналасқан. Айт намазы 6 маусым күні таңғы сағат 06:00-де қаладағы 56 мешітте оқылады. Намаздан кейін бірден құрбандық шалынады.
"Құрбан айт – жай ғана діни рәсім емес, бұл – мейірімділік пен жанашырлықтың, Жаратқанға жақындаудың көрінісі. Бұл – мұқтаждарға қол ұшын созу, туған-туыстармен байланысты нығайту және жанашырлық таныту мүмкіндігі. Осы күндері қаламыздың тұрғындарының барлық игі ниеті мен амалдарын Алла Тағала қабыл етсін", – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, арнайы бекітілген орындарда мал сату, құрбан шалу және етті тарату ұйымдастырылады. Бұл орындар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жабдықталып, шариғат нормаларына сәйкес келеді. Барлық діни рәсімдер мешіт қызметкерлерінің қадағалауымен орындалады.
Сондай-ақ қала мешіттерінде арнайы мұздатқыштар орнатылып, рефрижераторлы көліктер (тоңазытқышы бар көлік) қарастырылған. Қаланың тұрғындары құрбандыққа шалған мал етін қайырымдылық мақсатында жақын маңдағы мешіттер арқылы тапсыра алады.
Дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Досхан Рахметилдаевтың айтуынша, аталған орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының, санитарлық қызмет пен ветеринарлық инспекцияның қызметкерлері кезекшілік атқарады.
“Мал сою кезінде санитарлық талаптардың орындалуына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар рұқсат етілмеген жерлерде бейберекет сауданың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау қамтамасыз етіледі”, – деді ол өз сөзінде.
Құрбандық шалып, қажылыққа бару үшін несие алған қаншалықты дұрыс
Құрбан айт намазының кестесі жарияланды
Жеке қатыса алмайтын азаматтар үшін онлайн-құрбан шалу мүмкіндігі қарастырылған. Qurban.muftyat.kz сервисі арқылы тапсырыс беріп, құрбан шалынғаннан кейін бейнеесеп алуға болады. Осы сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініш бере алады.
Діни рәсімдерден бөлек, дәстүрлі мерекелік шаралар да жоспарланған. Құрбан айт мейрамына орай барлық мешіттерде киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастарқандар жайылады, ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады, балалар үшін батуттар, тәттілер мен ойындар әзірленеді. Сонымен қатар, руханият өкілдері балалар үйіне барып, балаларға сыйлықтар тапсырып, мерекемен құттықтайды.
Алматы қаласында құрбан шалу рұқсат етілген орындар тізімі:
🔹 Алатау ауданы бойынша:
-
"Мырзахмет" мешіті – Қарасу ықшамауданы, Солтүстік айналма, 15-үй.
-
"Әскер ата" мешіті – Айгерім-1 ықшамауданы, Бенберин көшесі, 18/4.
-
"Алғабас" мешіті – Алғабас ықшамауданы, Сайгүбе көшесі, 6.
🔹 Бостандық ауданы бойынша:
-
"Бақыткелді" мешіті – Хан-Тәңірі ықшамауданы, Дулати көшесі, 27/11.
🔹 Медеу ауданы бойынша:
-
"Омар ибн әл-Хаттаб" мешіті – Жуков көшесі, 136А.
-
"Аманқұл ата" мешіті – Т. Бигелдинов көшесі, 5.
-
"Фатима" мешіті – Ш. Жәнібек көшесі, 148.
-
"Райымбек батыр" мешіті – Думан-1 ықшамауданы, Хан-Тәңірі көшесі, 15.
-
"Арафат" мешіті – Ибрагимов көшесі, 5А.
🔹 Наурызбай ауданы бойынша:
-
"Қалқаман-2" мешіті – Қалқаман-2 ықшамауданы, Аспандияров көшесі, 84.
🔹 Түрксіб ауданы бойынша:
-
"Қайрат" мешіті – Қайрат ықшамауданы, Сарымолдаев көшесі, 22.
🔹 Жетісу ауданы бойынша:
-
"Әл-Мәдина" мешіті – Федоров көшесі, 12.
Қала тұрғындарын құрбандыққа арналған малды тек белгіленген орындардан сатып алуға және мерекелік шараларда тәртіп сақтауға шақырды.