Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда күн суытып, қар жауады: Әкімдік тұрғындарға ескерту жасады

Алматыда күн суытып, қар жауады: Әкімдік тұрғындарға ескерту жасады

Фото: depositphotos.com

Алматыда қатты жауын-шашын болып, қар жауады деп күтілуде. Ауа райының нашарлауына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, мұндай өзгерістер алдағы күндері күтілетін жауын-шашын мен көктайғақ болуына байланысты енгізілді.

“Қазгидромет” РМК болжамы бойынша, 4 қараша күні сағат 03:00-ден 20:00-ге дейін жауын-шашын (жаңбыр) жауады, жалпы мөлшері 5-6 мм. Ауа температурасы түнде және күндіз +5, +7 °C шамасында болып, кейін төмендейді. 5 қарашада күн бұлтты болып, кей жерлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады деп болжануда. Түнде ауа температурасы -3, -5 °C, күндіз +1, +3 °C болады.

“Алматы Тазалық” өндірістік базаларында жүргізушілер, механизаторлар және жол жұмысшылары тәулік бойы кезекшілік етеді. Қар түспей тұрып, қала көшелерінде 204 құм-тұз таратқыш техника дайын тұр. Алдын ала негізгі магистральдар сұйық реагенттермен өңделді. Жалпы жұмысқа 580 арнайы техника мен 2500-ден астам жол жұмысшысы тартылады. Аулалар аумағында 307 техника және 1500-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Саябақтар мен скверлерді тазалауға 550 арнайы техника мен 1900-ден астам жұмысшы жұмылдырылады. Сондай-ақ көше-жол желісінің жағдайын бақылау және мұзды жою үшін 75 патрульдік бригада тәулік бойы кезекшілік атқарады", – деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар Алматы қаласының құтқару қызметі де тәулік бойы кезекшілік етеді. Қызмет құрамында 1 ассенизаторлық машина, 15 мотопомпа және 50 адамнан тұратын жеке құрам бар.

"Көктайғақ болуы мүмкін. Сол себепті тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырамыз. Көлік жүргізушілеріне жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, күрт маневр жасамауға, жолдың тайғақ болуына байланысты тежелу жолының ұзаруын ескеруге және көліктеріне алдын ала қысқы шиналар орнатуға кеңес береміз. Жүргізушілік тәжірибесі аз азаматтарға уақытша жеке көлікті пайдаланбай, қоғамдық көлікті қолдану ұсынылады. Сондай-ақ көлікті қысқы дөңгелекке дер кезінде ауыстырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, синоптиктердің болжамы бойынша, Алматыда 3-9 қараша аралығында ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын, соның ішінде қар жауады деп болжануда.

Еске салсақ, “Қазгидрометтің” болжамына сәйкес, қараша айының басында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Бұл солтүстіктен циклондардың көшуімен байланысты болмақ.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 03 Қараша, 2025 19:10