Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда газ құбыры жарылып, жол жамылғысы опырылды: Зардап шеккендер бар

Фото: Zakon.kz

Алматыда жерасты газ құбыры жарылды. Жол жамылғысы опырылып, Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі аударылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 16 шілдеде Байзақов көшесі мен Бұқар жырау гүлзары қиылысында болған. Газ құбыры тексеру кезінде жарылған. Салдарынан жол жамылғысы опырылып, ағаш түбімен қопарылған. Toyota Land Cruiser көлігі жоғары көтеріліп, аударылып түскен. Екі адам зардап шеккен.

Оқиға орнында мамандандырылған төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр. Апат болған орын қоршауға алынды. Зардап шеккен жүргізуші мен жолаушы ауруханаға жатқызылды.


"Қабырғалары бір жыл болмай жарылып, құбырлары істен шыққан": Алматыдағы қай тұрғын үй кешеніне тұрғындар көп шағымданады


"QazaqGaz Aimaq" АҚ мәліметінше, жаңа тартылған газ құбырын тексеру кезінде ауа қоспасы сыртқа шығып кеткен. Салдарынан жарылыс болған. Жұмысты мердігер ұйым "СантехКомплектГрупп" ЖШС жүргізген.

"Қазір аумақты зерттеу және оқиғаның себептерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға болған аумақ қоршауға алынды. Ттұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ", – делінген хабарламада. 

"QazaqGaz Aimaq" АҚ қала тұрғындарынан сабыр сақтауды сұрады. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе локомотив жөндеу депосында жарылыс болып, 2 адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 13:47
Талқылау