Алматы билігі көлік жүргізушілеріне қарсы: Қалада көлік тұрағы қымбаттап, ескі көлік иелері кіру үшін ақы төлеуге мәжбүр болады
Медеу ауданының тұрғындарымен кездескен Алматы әкімі Ерболат Досаев алдағы уақытта шаһардағы шығарындыcы жоғары ескі көліктердің қозғалысын шектеу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
“2025-2027 жылдар аралығында мегаполисте ауаның ластануын азайту үшін экологиялық бағдарлама жүзеге асырылады. Биыл 1 шілде мен 1 тамыздан бастап автотұрақ құнын көтеру жоспарланып отыр. Бұл әлемнің басқа мегаполистеріндегі тәжірибе көрсеткендей, қала орталықтарындағы ескі көліктердің санын азайтуға көмектеседі”, – дейді қала басшысы.
Досаевтың айтуынша, одан кейін шығарынды деңгейі төмен аймақтар құру жоспарда бар. Бұл жоба қоғамдық кеңес пен мәслихаттың қарауына ұсынылады. Қала әкімі ең бастысы – жоғары жылдамдықты қоғамдық көлікті дамыту дейді.
Бұл өзгеріс 2026 жылдың соңында жүзеге асырылмақ. Сөйтіп 2027 жылдан бастап алғашқы шектеулер енгізілуі мүмкін.
“Адамдар маған Нью-Йорк туралы көп айтады. “Төлем енгізілгеннен кейін Манхэттеннің жоғарғы және төменгі бөлігіндегі көлік қозғалысы төмендеді” дейді. Нью-Йорк мұндай төлем енгізу үшін ұзақ жылдар бойы дайындалған. Егер көлік қаңқасының негізі 2026 жылдың соңында дайын болса, 2027 жылы алғашқы шектеулерді енгіземіз деп отырмыз. Бірақ олар төлем арқылы жасалады. Көлік Алматыда тіркелген, бірақ заманауи стандарттарға сәйкес жұмыс істемейді делік. Сәйкесінше, белгілі бір аймақтарға, мысалы, шығыс жақтан Шығыс айналма жолға кіру ақылы болуы мүмкін. Электромобильдер мен жаңа көліктерден ақы алынбайды”, – дейді Ерболат Досаев.
Бұл өзгерістер енгізілмес бұрын билік интеллектуалды көлік жүйесін сынақтан өткізеді. Ол жаңа ережелерді басқаруға көмектеседі.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Алматыдағы ауаның ластануының негізі себебі көлік екенін айтқан еді. Алматы агломерациясының қала маңы аймағының әсерін ескере отырып есептеулер жүргізіліп, нәтижесінде шығарындылардың жалпы көлемі 225 мың тонна ластаушы заттардан асатынын айтты.