Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ер адамның тұрғындарды электрошокермен қорқытқан видеосы тарады

тұрғындарды электрошокермен қорқытқанФото: Видеодан скрин

Алматыда қоғамдық жерде электрошокер көрсетіп, өтіп бара жатқан адамдарды қорқытқан ер адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полицияның айтуынша, Алматының 34 жастағы тұрғыны қоғамдық жерде электрошокерін көрсетіп, оны әртүрлі заттарға қолданып жүрген. Видеодан ер адам өзін өзі түсіріп тұрғаны байқалады. Сол кезде қасында темір тіреуіш ұстап тұрған бір адамға электрошокерді жақындатып әкеледі.

Темір арқылы тоқ өтіп кеткен сияқты, әлгі адамның қолындағы шайы төгіліп қалады. Мұнымен қоймай, ер адам шайын төгіп алған адамға ыржалаңдап күліп тұрғаны да көрінеді.

Электрошокерді адамдарға тікелей қолданбағанымен, мұндай әрекет жұртты шошытып, айналадағы адамдарға қауіп төнгендей әсер қалдырған. Сол себепті полиция мұны қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалаған.

Аталған дерек бойынша ер адам келесі баптар бойынша жауапқа тартылды:

  • ұсақ бұзақылық;
  • арнайы құралдарды заңсыз қолдану.

Мамандандырылған аудандық әкімшілік соттың шешімімен ол кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция қоғамдық орында азаматтарда қорқыныш пен дүрбелең туғызуы мүмкін кез келген әрекетке құқықтық баға берілетінін атап өтті.

"Электрошокер адамға тікелей қолданылмаса да, оны қоғамдық жерде көрсету және іске қосу айналадағы адамдарда үрей мен қорқыныш тудыруы мүмкін. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу деп есептеліп, жауапкершілікке әкеледі. Азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамыз. Адамдардың қауіпсіздігі – басты міндет", – деді Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Асхат Құлбаев.



Еске салайық, бұған дейін Астанада автобус жүргізушісінің бетіне баллоннан бұрыш шашқан бұзақы қамауға алынды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Kia автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі ұсталып, көлік коммуналдық тұраққа қойылды. 

Айым Атамбаева
Жексенбі, 25 Қаңтар, 2026 20:00