Алматыда Досаевтың отставкаға кетуін талап ететін митинг өтпек
Фото: primeminister.kz
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен заңгер Мұрат Адам Алматы әкімі Ерболат Досаевты отставкаға жіберу үшін митинг ұйымдастырмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Санжар Боқаев пен Мұрат Адам Алматы әкімдігіне "Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкаға кетуін талап етеміз" деген тақырыпта митинг өткізу туралы хабарлама тапсырды.
Олардың айтуынша, Досаев басқарып отырған тұста қала құлдырап кетті. Мәселен, ағаштарды кесу жалғасып жатыр, "автобустар зираты" пайда болып, жемқорлық деңгейі өсті. Ал жаңа метро станцияларының құрылысы істен шығу қаупінде тұр.
"Біз, алматылықтар, қаламыздың қирап, талан-таражға түскеніне қарап отыра алмаймыз. Сонымен қатар БАҚ пен жұртшылықтың назарына "Алматы әкімін отставкаға жіберу" тақырыбындағы митингіні Алматы әкімінің өзі бекітетінін хабарлаймыз. Бұл мүдделер қайшылығы”, – деді митингі бастамашылары.
Айта кетейік, Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметін 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді. Осы уақыт ішінде қала басшысы бірнеше рет сынға ұшыраған еді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімі Досаевтың енді президентке екі апта сайын есеп беріп отыратыны хабарланған еді.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
