"Жастар мен діндар адамдарға ерекше назар аударамыз": Алматыдағы дін істері басқармасы қалай жұмыс істейді

Фото: Din_almaty
Алматы қаласында дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен дін істері жөніндегі басқарма айналысады. Алматы дін істері басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Айдарбекұлы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында мегаполистегі өзекті діни мәселелер мен олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.
Қазір республика көлемінде 18 түрлі конфессия тіркелген болса, соның 17-сі Алматыда бар. Қала аумағында 190-ға жуық діни бірлестік ресми тіркеліп, өз қызметін атқарып жатыр.
Әлімбек Айдарбекұлының айтуынша, барлық діни ұйымның жұмысы “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң аясында реттеледі. Егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, заң аясында ғана тиісті шаралар қолданылады.
Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы – дін саласында мемлекеттік саясатты іске асыратын жергілікті атқарушы орган. Негізгі міндеттерінің бірі – қоғамда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, зайырлылық қағидатын дәріптеу және конфессияаралық келісімді нығайту.
"Ресми тіркелген ұйымдардан бөлек, кейде қоғамда деструктивті діни ағымдардың идеологиясы да тарайды. Мұндай жағдайда біз ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар заңсыз миссионерлік әрекеттер тіркелгенде, хаттама толтырып, іс-материалдарын әкімшілік шара қабылдау үшін сотқа жолдаймыз", – дейді басқарма өкілі.
Мекеме қызметкерлері деструктивті және экстремистік ағымдардың ықпалында кеткен адамдарды бейімдеу, оңалту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл шаралардың түпкі мақсаты – қоғамдағы радикалдану деңгейін төмендету. Әлімбек Айдарбекұлы қазір жастарға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Себебі жас буынның дінге деген қызығушылығы артқан сайын олардың теріс ағымдардың ықпалына түсу қаупі де жоғарылайды.
“Сол үшін арнайы ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Топ мүшелері арнайы оқу мекемелері, жұмысшы коллективтер, қоғамдық орындар сияқты аудиториямен лекция өткізеді, ақпаратпен бөлісіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар деструктивті діни ағым өкілдерімен жеке түсіндіру жұмыстар да жолға қойылған. Өскелең ұрпақтың деструктивті бағытқа бет бұруы – мемлекет үшін үлкен қауіп", – деп түсіндірді маман.
Топ мүшелері түрлі аудиториямен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері қала аумағында 430-дан астам кездесу мен сұхбат ұйымдастырылып, шамамен 40 мың адам қамтылған.
Әлімбек Айдарбекұлы сөзінше, жұмыс барысында халықтың осал тобына, оның ішінде маргиналды орта өкілдеріне, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, діндар азаматтар мен жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Діни радикалды ұйымдардың қауіптілігін түсіндіру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында мешіт жамағаттарымен тұрақты кездесулер өткіземіз. Арнайы құзырлы органдар тарапынан интернетте экстремистік деп танылған ақпарат көздерін бұғаттау, таратуды шектеу шаралары әрдайым жүргізіліп отырады.
Сонымен қатар басқарма жанында 2017 жылдан бері діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы жұмыс істейді. Клуб дінаралық келісімді нығайту және өзара сыйластық мәдениетін дамытуды көздейді. Бұл алаңда түрлі конфессия өкілдері өзара пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылайды.
Басқарманың қызметі төрт негізгі бағытқа бөлінеді:
- Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету;
- Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
- Экстремистік ағым жақтастарымен профилактикалық және оңалту шараларын ұйымдастыру;
- БАҚ пен интернетте діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуына қарсы жұмыс атқару.
2017 жылдан бері басқарма құрамында “Кеңес беру және оңалту орталығы” жұмыс істеп келеді. Бұл орталықтың теолог және психолог мамандары радикалды және жалған діни идеологияның ықпалына түскен адамдармен жұмыс істейді.
"Біз радикалды ағым ықпалына түскендермен тұрақты түрде байланыста боламыз. Кеңес беру мен түсіндіру жұмыстары ғана емес, оларды қоғамға бейімдеуге бағытталған түрлі курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сұрақтары бар азаматтар үшін сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істейді", – деді Айдарбекұлы.
Сенім телефондары:
Ерлер үшін – +7 701 120 7570
Әйелдер үшін – +7 701 120 0503
Бүгінде басқарма үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жастар арасында діни экстремистік идеялардың әлеуметтік желілер арқылы таралуы. Спикердің айтуынша, интернет кеңістігінде жалған және күмәнді ақпараттар өте көп.
"Кей жастарымыздың діни білімі болмағандықтан, әлеуметтік желідегі күмәнді дереккөздерге сеніп, теріс ағымдардың ықпалына түсіп қалады. Бір кездері “домбыра харам” деген сияқты негізсіз пікірлер тараған еді. Мұның бәрі қоғамда түсінбеушілік туғызады. Сондықтан біз желіде бақылау жүргізіп, ақпараттық-түсіндіру тобымен белсенді жұмыс істеп келеміз", – деп мәлімдеді басқарма басшысының орынбасары.
Басқарма әлеуметтік желілердің әсерін ескере отырып, Facebook, Instagram, Telegram, TikTok және Vkontakte платформаларында белсенді түрде ақпарат таратады. Биылғы жылдың өзінде онлайн кеңістікте екі мыңға жуық қарсы насихаттық материал жарияланып, жалпы қамту көлемі екі миллионнан асты.
Уақыт талабына сай жастармен бір толқында болу үшін әлеуметтік парақшаларымызды үнемі дамытып отырады екен. Қазір олардың көрілімін арттыру және мақсатты аудиторияны қамту үшін 15 рет таргеттік жарнама қолданылды. Осылайша жастар тексерілген, сенімді ақпаратты ресми дереккөздерден ала алады.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді