Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда деструктивті діни ағымдар мен радикализмге қарсы жұмыс істейтін мамандарға арналған әдістемелік құрал әзірленді

Бүгінде сырттағы қауіп-қатердің өсуі мен геосаяси дағдарыстардың шиеленісуі жағдайында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мен сақтау өте өзекті мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда сарапшылар Қазақстанға төнген қауіп-қатерлер ішінде радикалды діни ағымдар мен олардың ел санасына тигізетін әсерін де атап көрсетті. Көп жағдайда теріс діни ағымдар арабуына ілініп кететіндер жастар екенін мамандар ескертуде. Осы ретте діни радикализмге қарсы күрес мақсатында қандай шаралар жасауға болады деген сұрақ туындайды. Stan.kz материалынан оқыңыз. 

"Тәуелсіздік алғаннан кейін демократиялық реформалар нәтижесінде елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығы айтарлықтай кеңейтілді. Конституцияға сәйкес, әрбір адамға ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік берілген. Дегенмен бүгінде қоғамда осы құқықтар мен бостандықтардың мәнін түсінбейтін, өз сенімдерін ғана шындық санап, басқалардың ұстаным, ой-пікірлерін мойындамай, өзгертуге тырысып жүрген, кейбір азаматтар да бар. Әдетте, мұндай адамдар деструктивті діни идеологияның құрбандары болып табылады",-  деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.

Мамандар мемлекеттің күш-жігерінің арқасында дін және конфессияаралық қарым-қатынастың тұрақты күйде сақталып отырғанын алға тартады. Бүгінде діни экстремизмнің алдын алу, қазіргі жағдайды бақылау және талдау, деструктивті ағымдарды ұстанушылармен жұмыс жүргізуге бағытталған кең ауқымды іс-шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Сондай бағыттағы маңызды шаралардың біріне тоқталсақ, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша "Деструктивті діни ағымның ұстанушыларын дәстүрлі құндылықтарға бейімдеуге  және  оңалтуға қатысты" арнайы әдістемелік құралы әзірленген еді.

Бұл оқу құралын дайындауға "Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университетінің Діни экстремизммен күрес орталығының жетекші мамандары атсалысқанын атап өту керек. Осы орталықтың директоры Тимур Нүсіпханов бастаған авторлар тобы радикалды идеологияның мәнін аша білді және бірқатар деструктивті діни ағымдардың пайда болу тарихына, философиясына және негізгі идеологиялық ұстанымдарына жан-жақты талдау жүргізді. 
Әдістемелік құралдан радикалды идеологияны ұстаушының санасына әсер етуге бағытталған бірнеше теологиялық қарсы дәлелдерді табуға болады.

"Осы нұсқаулықта сипатталған оңалту әдістері нақты жұмыс алгоритмдерін ұсына отырып, теологиялық элементтермен қатар деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен психологиялық жұмыс жүргізу мәселелерін де қамтиды. Нұсқаулықта оңалту жұмыстары субъектілерінің әртүрлі ерекшеліктерін ескеретін жеткілікті ауқымды құралдар жиынтығы бар екенін атап өткім келеді", - деп қосты Нұрлан Қиқымов.

Әдістемелік құрал дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған. Жақын арада осы салада жұмыс істейтін мамандарға қолжетімді болады деп күтілуде.

Талқылау