Алматыда биыл 8 мың студентке жатақханадан орын жетпейді
Фото: Stan.kz
Алматыға келетін студенттер саны жыл сайын артып жатқанымен, жатақхана тапшылығы әлі күнге шешілмей отыр. Биылдың өзінде шамамен 8 мың студентке орын жетпейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін әкімдік оқу орнына түскен жастарды уақытша хостелдерге орналастыруды қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір көптеген студент жатақханада орын болмағандықтан хостелде тұрып жатыр. Өйткені пәтер жалдауға ақшасы жетпейтіндер үшін бұл қолжетімді балама. Дегенмен хостелдің жатақханадан айырмашылығы көп. Мұнда тек студенттер ғана емес, уақытша баспана іздеген түрлі адамдар да қонады. Ас бөлмесі мен жуынатын бөлме бәріне ортақ. Бағасы да арзан емес, айына 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін барады.
Студенттік жатақханалар құрылысы бойынша жобалық кеңсе басшысы Дамир Құтымов Алматыда 200-ден аса хостел бар екенін айтты.
"Бірақ соның тек 15-20-сы тұруға жарамды. Қалғандары санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелеріне сай келмейді", - деді басшысы Дамир Құтымов.
Жатақханада орын жетпеген студенттер осындай хостелдерге орналастырылады. Дәл қазір біз тұрған ғимарат 49 адамға арналған. Екі жыл бұрын мұндай жекеменшік хостелдердің бірінде өрт шығып, бірнеше студенттің өмірін жалмаған еді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде өрт дабылы жүйесі, эвакуация жолдары толықтай тексерістен өткен.
Сондай-ақ қалада өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға қолдау көрсету мақсатында 55 орынға арналған арнайы дағдарыс орталығы бар. Мұнда студенттерге уақытша баспана, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Бұдан бөлек, Алматы жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек қаладағы барлық ЖОО-да студенттердің өтініштерін қабылдап, жедел шешуге арналған ахуалдық орталықтар жұмыс істеп тұрғанын айтады.
"Білесіздер, осы жақында дағдарыс орталығы ашылды. Егер студент қиын жағдайға тап болып, тұратын жер, панасыз қалып қалса, осы дағдарыс орталығында университет жатақхана мәселесін немесе квартира мәселесін шешкенше тұра тұрады", – деді Азиз Кажденбек.
Қазақстанда 35 мыңнан астам студент жатақханасыз қалмақ
2025-2026 жылғы оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңгеге өседі
Еске салайық, бұған дейін 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында 4 шетел азаматы да болған. Бұл оқиға бойынша хостел иесі Әділбек Мұхамедьяров пен құрылыс жұмыстарын жүргізген Александр Пекельникке айып тағылды. Тергеу дерегінше, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы қайғылы жағдайға себеп болған.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
