Темекі шекпе деп ескерту жасаған: Алматыда ер адам бақылаушыны пышақтап кетті (видео)
Алматының Наурызбай ауданында автобус бақылаушысы белгіленбеген жерде темекі тартуға болмайтынын ескертемін деп пышақ жарақатын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қайғылы жағдай Наурызбай ауданындағы соңғы аялдамалардың бірінде болған.
“Автобус бақылаушыларының бірі өтіп бара жатқан ер адамға белгіленбеген жерде темекі тартуға болмайтынын ескерткен. Оның соңы жанжалға ұласқан. Сөйтіп ер адам автобусқа кіріп бақылаушыны пышақпен екі жерден жарақаттап, қашып кеткен”, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.
Жәбірленуші жедел жәрдеммен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Асүй пышағы қылмыстық қару ретінде тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін емтиханнан өте алмай қалған студент оқу орнында адамдарды пышақтап тастағаны туралы жазған едік.