Алматы әкімі ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойды
Бүгін, 31 мамырда Алматыда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтіп, құрбандарға құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды. Ашаршылық құрбандарына арналған мемориалда өткен жиынға қала әкімі Ерболат Досаев, ғалымдар, жазушылар мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еске алу жиынына бас-аяғы жүзден аса адам жиналды. Шара басында бір минут үнсіздік жарияланып, қаланың бас имамы құран сүрелерін оқыды.
Жиында сөйлеген жазушы Смағұл Елубай осы күнге дейін парламентте бірде бір рет ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу болмағанын айтты.
"Бізде әр 9 мамыр сайын өтетін "Мәңгілік полк" деген шара бар. Бірақ ашаршылық құрбандарын еске алатын мұндай шара жоқ. Сол себепті ашаршылықта опат болған құрбандардың рухына "Мәңгілік халық" деген шеру өтуі қажет. Осылайша біз бабаларымыздың атын ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа ұлықтай аламыз", - деді Смағұл Елубай.
Тарихшы ғалым Хангелді Әбжанов Қазақстан тарихын зерттеуде әлі күнге дейін кедергілер кездесетінін айтты. Осының салдарынан қарапайым халық арасында ақталмағандар бар, деді ол.
- “Қазақтарды атып өлтіріп, қандарын ішкен”: Ашаршылық құрбандарының ұрпақтары естеліктерімен бөлісті
- Әкесі мен сегіз баласы бір күнде аштан өлген: Ашаршылық зардабын тартқандар оқиғасы
- "Қазақты түгелдей қырып тастауға мүмкіндік болды": Тарихшы-ғалым Қазақстандағы ашаршылықтың жаңа қырларын айтты
"1993 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде заң шыққанымен, архив құжаттары әлі күнге ашылған жоқ. Әлі мыңдаған емес, жүздеген адам ақталмай жатыр. Олардың өздері былай тұрсын, ақталды деген азаматтардың құжаттарының өзі құпия, жабық. Соңғы құрбан ақталғанша Қазақстанда тоталитаризм түбегейлі жойылды деп айта алмаймыз", - деді ғалым.
Зиялылар сөзінен кейін қала әкімі Ерболат Досаев пен шараға келушілер ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.
Жастардың қолында ХХ ғасырдағы ұлы тұлғалардың портреттері бейнеленген транспараттар болды.
Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. 1928 жылғы кәмпескенің соңы 1932-34 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, түрлі дерек бойынша, Қазақстанда 1,3-1,5 млн адам қаза болған.
1988 жылғы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты репрессия кезінде атылған Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймаутов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мағжан Жұмабаев бастаған 14 қазақ зиялысын ақтады. Ал 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заң қабылдаған.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
