Алматыда "Art sport" бағдарламасын жүзеге асыру кезінде жеткізуші қаржы жымқырған
Алматы прокурорлары Artsport бағдарламасын іске асыру барысында заңбұзушылықтарды анықтады. Artsport бағдарламасын жүзеге асыру кезінде, қаражатты ұрлау, бюджет тапшылығы және сапасыз қызметтер көрсету сияқты жаппай бұзушылыққа әкеп соққан жүйелі кемшіліктер болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Алматы облысының прокуратурасы жеткізушілер бірінің тарапынан бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады. Жүйенің кемшілігі футбол клубының директорына орындалған жұмыс актілеріне жалған мәлімет енгізуге мүмкіндік берген. Дерек бойынша 30 мамырда аудан прокуратурасы бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша клуб директорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен жеткізуші қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
"Сонымен қатар, спорт клубтары мен мәдени үйірмелердің салық заңнамасын сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізілді. Жекелеген жеткізушілер "Артспорт" жұмыс істеп тұрған кезеңінде ҚҚС салығын төлеушілер ретінде қойылмаған. Прокуратура мемлекеттік кірістер департаментіне қадағалау актісін енгізді, нәтижесінде жеткізушілер 25 миллион теңге көлемінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды”,- деп мәлімдеді прокуратурадан.
Прокуратура айыппұлдардың төленгенін хабарлады.