Алматыда Әл-Фараби даңғылына жаңадан төселген асфальт опырылып кеткен (видео)
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылына жақында ғана төселген асфальт ойылып қалған. Әкімдік мәліметінше бұған топырақты су шаю себеп болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдік асфальттің бүлінуіне Алматыджағы заманауи өнер мұражайы құрылысы кезінде инженер желісін жүргізумен шұғылданатын "Парсек ltd" ЖШС кінәлі екенін мәлімдеді.
"Парсек ltd" ЖШС мердігер ұйымы Алматы қаласының қазіргі заманғы өнер музейіне инженерлік желілерді тартумен айналысады. Белгілі болғандай, диаметрі 50 см болатын құбыр музей жақтағы құдықтан жол бойындағы құдыққа дейін қазу әдісімен төселген. Бірақ топырақ дұрыс тығыздалмай, жол төсемі бүлінді. Коммуналдық қызмет қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру үшін асфальтбетон жабынын қалпына келтіріп, ойылған жерді топырақпен толтырды”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік өкілдері мердігерге әкімшілік шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Ал жол төсемі компания есебінен қалпына келтіріледі екен.
“Жол төсемін қайта төсеу үшін зақымдалған жолақ 26 тамыз сағат 18:00-ден 06:00-ге дейін ішінара жабылады”, – деп қосты әкімдіктің баспасөз қызметі.