"2-3 жылдан соң энергия тапшылығы болады": Алматыда АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылауда тұрғындар шу шығарды
Алматыда Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Талқылау соңы қақтығыс пен дауға ұласты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АЭС құрылысын талқылауға жиналғандардың пікірі екіге бөлініп, жиынға қатысушылар жанжалдасып қалды. Саясаттанушы Марат Шибұтов АЭС салуды жақтады.
"Егер қазір шешім қабылдамасақ, Оңтүстік Қазақстанда 2-3 жылдан кейін энергия тапшылығы туындап, электр қуатын өшіру басталады", – деді ол.
Залда көрермен арасында келіспеушіліктер туындады. Өзін қоғам белсендісі деп таныстырған Бибінұр Ширалиева АЭС салуға қарсылардың наразылығына "маман немесе инженер емессің" деп жауап берді.
Атом электр станциясының құрылысына қатысты осындай "қоғамдық тыңдаулар" бұған дейін Үлкен ауылында, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Өскемен, Семей және Талдықорған қалаларында өтті.
АЭС бойынша жария талқылау шамамен үш сағатқа созылды. АЭС-ке қарсылар мен жақтаушылар арасындағы даудың бір бөлігі сыртта да жалғасқан.
АЭС салу керек деген топ Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға беретінін және бұған балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен Күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз екенін айтты.
"Станцияға көп су қажет емес, ол булану мөлшерімен пара-пар. Қазақстан таңдап отырған су су реакторы жер сілкінісі, тасқын сияқты апаттарға төзімді. Атом станциясынан радиация қалдықтары көп шықпайды, көмірден шығатын лас заттар одан да көп", – деді жергілікті тұрғындар.
Сонымен қатар АЭС-ке қарсы азаматтар АЭС қауіпсіз дегенше ешкім кепілдік бермейді, әлемде қауіпсіз реактор жоқ деп наразылық білдірді.
"Қазақстанда атомнан бөлек энергия көздері көп, мәселен аймақтарда газ станциялары салынып жатыр. Одан бөлек, ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады. Жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп. Қазақстан шикізат өндіргенмен елде уранды байыту технологиясы жоқ. Шетелдік технологияға тәуелділік туындайды. Украинадағы соғыс, Запорожье мен Курск АЭС-терінің қысым құралына айналуы атом станциясының қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді", – деді тұрғындар.
Тұрғындардың айтуынша, 80% суы Іледен келетін Балқаш барған сайын тартылып барады. Көрші Қытай қысым құралы ретінде пайдалануы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев атом электр станциясын салу мәселесі мамырға дейін шешілмейтінін жеткізді. Әзірге энергетика министрлігі түсіндіру жұмысына мән беріп отыр. Ведомство басшысының айтуынша, өңір тұрғындарымен кездесуде олар тек АЭС жайлы ғана емес, сондай-ақ атом өнеркәсібін дамытуды да кеңінен талқылап отыр. Әсіресе уран өндіруге қатысты сауал көп.