Алматыда 200-ден аса мектептің дерегі ата-аналардың рұқсатынсыз Kundelik-тен Bilimland платформасына көшірілген
Фото: Kundelik
Алматы қаласындағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, ата-аналары мен педагогтарына қатысты деректер Kundelik.kz ақпараттық жүйесінен Bilimland білім беру платформасына пайдаланушылардың рұқсатынсыз көшірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Kundelik.kz платформасының бас директоры Мұхтар Ілиясовтың айтуынша, бұған дейін ақпараттық кеңістікте деректердің тарап кетуіне қатысты шындыққа жанаспайтын мәліметтер жарияланған. Ал қазір платформаны ресми рәсімдер мен пайдаланушылардың құқығын сақтамай алмастыру фактісі орын алып отыр екен.
“Ата-аналар да, білім беру ұйымдары да жеке деректердің басқа платформаға берілетіні жөнінде ресми хабарлама алмады. Сонымен қатар цифрлық платформаны ауыстыру туралы шешім қоғамдық талқылаусыз қабылданды. Бүгін біз Kundelik жүйесіндегі жеке деректеріміздің белгісіз жолмен басқа платформаға өткенін көріп отырмыз. Алматы қаласының білім басқармасы тарапынан ешқандай ресми ескерту болған жоқ. Ешқандай жиналыс өткізілмеді, деректерді көшірудің құқықтық негізі талқыланбады”, – деді ол.
Компания басшысының сөзінше, оқушылардың, ата-аналардың және мұғалімдердің жеке дерегін басқа платформаға көшіруге ешкім рұқсат бермеген.
Kundelik жүйесіндегі балалардың деректерінің тарап кетуі: Компанияға айыппұл салынды
“Деректерді көшіру ауқымды көлемді қамтиды. Әңгіме Алматыдағы 219 мемлекеттік мектеп туралы болып отыр. Онда шамамен 310 мың оқушы білім алады, 25 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Сондай-ақ 250 мыңға жуық ата-ананың жеке деректері бар”, – деді Мұхтар Ілиясов.
Компания өкілдерінің пікірінше, жеке деректердің ірі массиві Қазақстандағы дербес деректерді қорғау туралы заң талаптарын және адал бәсекелестік қағидаттарын бұза отырып берілген.
Bilimland иелері туралы
Bilimland платформасының иесі – Bilim Media Group ЖШС.
Компанияның бенефициарлары қатарында Тимур Мұқтаров, Рауан Кенжеханұлы, Александр Савченко және кәсіпкер Тимур Турлов пен оның холдингінің топ-менеджерлерінің бірі Ольга Баскакова бар (Turlov Private Holding LTD арқылы). Тимур Турлов Bilimland жобасына 2022 жылдың қарашасында қосылған.
Петиция жарияланды
Сонымен қатар Epetition платформасында Kundelik.kz-тен BilimClass жүйесіне көшуге қарсы петиция жарияланды. Авторлар оқу жылының ортасында цифрлық платформаны ауыстыру мынадай теріс салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді:
- деректердің үзілуі және бөлшектенуі;
- бұрын қойылған бағалар мен пікірлердің контекстін жоғалту;
- оқушылардың үлгеріміне қатысты қорытынды көрсеткіштердің бұрмалануы.
Kundelik.kz платформасы Қазақстан мектептерінде ұзақ жылдар бойы қолданылып келеді. Компанияның мәліметінше, жүйе оқу процесінің тұтастығын сақтауға мүмкіндік беретін және күнделікті білім беру тәжірибесіне толық енген функционалдық артықшылықтарға ие.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық оқушылар Kundelik-тен бас тартып, жаңа платформаға көшірілетіні туралы жазған едік.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді