Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Ірі жер сілкінісі 100 жыл сайын қайталанады": Сейсмологтар Қазақстандағы зілзалалардың қалай бақыланатынын айтып берді

Алматы қаласында соңғы рет жойқын жер сілкінісі 1887 және 1911 жылдары орын алған. Ғалымдардың теориясына сәйкес мұндай ірі апаттар әр 100 жыл сайын қайталанады. Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қала тұрғындарының бойындағы үрей сезімі арта түскендей. Stan.kz тілшісі көпті алаңдатқан сұрақтың жауабын білу үшін Сейсмология институтының мамандарымен тілдесіп көрді. 

сейсмология

Алдағы уақытқа арналған сейсмикалық болжам қандай?

"Ұлттық сейсмологиялық қадағалау және зерттеу орталығы" АҚ ғылым бойынша директорының орынбасары Нұрсарсен Өзбеков Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын мәлімдеді. Сөзінше, мұндағы қауіп деңгейі 10 балдық шкала бойынша 9 балға тең, яғни қауіп деңгейі жоғары.

"Қаланың оңтүстік бөлігі жер сілкінісі кезінде үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Ал солтүстікке қарай қауіп кішкене болсын сейіледі. Сонымен қатар қаламызда бұрынғы жер сілкіністерінен кейін қалған жер асты жарықтары бар екенін ескерген жөн. Біз мұндай жарықтардың картасын әзірлеп, құрылыс мамандарына береміз. Қазіргі таңда үй салу барысында бұл жарықтар да есепке алынады", – дейді Нұрсарсен Өзбеков. 

сейсмология

Ғылым бойынша директордың орынбасары Нұрсарсен Өзбеков

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта Алматыдағы жер сілкіністерін бақылау және тіркеу үшін 28 сейсмикалық станция жұмыс істейді. 

"Жер сілкінісі кезінде жер қыртысында әртүрлі толқындар, мысалы беткейлік және көлденең толқындар пайда болады. Сейсмикалық орталықтар осындай толқындардың таралу ерекшелігіне байланысты алдын ала хабар береді. Жер сілкінісі кезінде беткейлік толқын жылдам келеді. Оның жылдамдығы секундына 6 шақырым. Залал әкелетін негізгі толқын – көлденең толқындар. Оның жылдамдығы секундына 3 шақырым. Мәселен, Алматыдан 100 шақырым жерде жер сілкінсе, бізде 20 секунд уақыт бар. Бұл уақытта азаматтарға, тиісті органдарға ескертуге тырысамыз", – деп қосты ол. 

Нұрсарсен Өзбеков жер сілкінісі кезінде жасырынуға болатын қауіпсіз орындардың тізімі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында көрсетілгенін айтады. 

"Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Атап айтқанда, 2018  жылы – 8500, 2019  жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал, 2022 жылы  6900 рет болған  сілкініс тіркелді. Бұл – геологиялық аймақтың сейсмикалық көріністегі өмірі. Арнайы аппаратуралар болмаса, адамзат баласының бәрі бірдей сезе бермейтін өте нәзік сілкіністер дер едік мұны", – деді ғалым. 

Қорытындылай келе, Нұрсарсен Өзбеков мамандардың сейсмикалық деректерді сараптап, Алматы қаласы бойынша болжам дайындағанын мәлімдеді. 

"Күні кеше ғана біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады деп күтіледі", – деп түйіндеді ғалым.

Елімізде жер сілкіністері қалай бақыланады?

сейсмология

Обсерватория басшысы Жансая Досымбекова

Сейсмология институтында бірнеше мекеме жұмыс істейді. Бірі жер сілкіністеріне қатысты болжам жасаумен шұғылданса, енді бірі жер асты дүмпулерін бақылайды. Ал орталық сейсмикалық обсерватория тәулік бойы еліміздің әр жерінде орналасқан сейсмикалық орталықтардың мәліметтерін жинап, үздіксіз бақылап отырады. 

Институттағы шағын екі бөлмеде сейсмологтарға қажетті барлық жабдықтар орнатылған. Ал үлкен үш монитордан Қазақстанның әр облысындағы сейсмикалық орталықтардан келетін деректерді көруге болады. Орталық қызметкерлерінің сөзінше, жер сілкіністерін спутниктер арқылы және радиотолқындар арқылы тіркейді.

сейсмология

Жер асты дүмпулерінің көрсеткіші

"Мұнда мамандар тәулік бойы, 4 ауысыммен жұмыс істейді. Келген деректерді сараптайды, жер асты дүмпулерін тіркейді. Орталықтарға заманауи сейсмографтар қойылған. Сондықтан біз Қытайдағы, Қырғызстандағы жер сілкіністерін де тіркеп отырамыз", – деп сөзін бастады обсерватория басшысы Жансая Досымбекова. 

Орталық басшысы Қазақстанның оңтүстік аймақтары сейсмикалық қауіпті деп танылғанын атап өтті. 

"Сейсмикалық қауіп деңгейі жоғары аймақтар тізіміне Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарын айтуға болады. Алматы қаласының өзінде бірнеше жарық бар. Дегенмен жойқын жер сілкінісі қайталанса, бұл жарықтар опырылып кетеді деген қауіп жоқ", – дейді Жансая Досымбекова. 

сейсмология

Қазақстанның әр аймағындағы станциялардан алынған сейсмологиялық деректер

Маман физикалық заңдылық бойынша әр 100 жыл сайын ірі жер сілкінісі қайталанып отыратынын айтады. Ал Алматы қаласында соңғы рет мұндай дүлей зілзала 1911 (ред. Кемин жер сілкінісі) жылы болыпты. 

"Аталмыш теорияны жоққа шығара алмаймыз, себебі бұл физикалық заңдылық. Әйткенмен әр 100 жыл сайын қайталанбауы да мүмкін. Бұдан әлдеқайда ерте немесе кеш болуы ықтимал. Әрине, оны алдын ала дәл болжау мүмкін емес", – деді ол. 

Жансая Досымбекованың айтуынша, жер сілкінісін жануарлар алдын ала сезе алады. Дегенмен маман жануарлар әрекетін ғана бақылап жер сілкінісінің алдын алу мүмкін емес екенін айтады. 

сейсмолог

"Жануарлар табиғат апаттарын, күннің бұзылуын да сезеді. Сондықтан жер сілкінісін болжаумен шұғылданатын мамандар сейсмикалық станциялардың деректерін ғана емес, гидрогеологиялық мәліметтерді, яғни су құрамының өзгеруін қолданады. Айта кетері, ірі жел сілкінісінің алдында ұсақ дүмпулер жиілеп кетеді. Бірақ бұл өте сирек жағдай. "Афтершоктар" көп жағдайда жер сілкінісінен соң болады. Мұны қазір Түркиядан да байқап отырмыз", – деп түсіндірді маман. 

Обсерватория басшысының мәліметіне сүйенсек, Алматы қаласында жылына, орташа есеппен, 6-7 мыңға жуық жер сілкінісі болады. Оның басым бөлігін тұрғындар сезбейді екен. 

"Соңғы рет магнитудасы 5 балға тең жер сілкінісі 2001 жылы Қапшағайда болған. Қазіргі таңға дейін Алматыда бұдан үлкен жер сілкінісі тіркелген жоқ. Тек 3-4 балл ғана. Барлық жер сілкіністері мамандардың бақылауында. Сондықтан тұрғындардың уайымдауына себеп жоқ", – деп аяқтады ол. 

сейсмолог

Алматыдағы үйлер жойқын жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?

Сәулетші Айдын Ақбай Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің жағдайы мен құрылыс кезіндегі бірнеше мәселені атап өтті. Сәулетшінің пайымдауынша, қазіргі уақытта тұрғын үйлерге қойылатын сейсмикалық талаптар күшейтілген. Сәйкесінше көпқабатты үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алатындай етіп салынады. 

"Бірақ жаңа талаптарға сәйкес тұрғындар пәтердің жоспарын өз қалауынша өзгерте алады. Бірі қабырғаны бұзады, екіншілері пәтердің жоспарын толықтай өзгертіп тастайды. Ал енді бірі пәтерін дүкенге айналдырады. Осы секілді өзгерістер тұрғын үйлердің сейсмикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Қатты жер сілкінісі кезінде кішкентай өзгеріс үйдің құлауына себеп болуы мүмкін. Бізде осы мәселе жан-жақты қарастырылмаған", – деді сәулетші. 

Айдын Ақбай Алматыдағы 9 қабатты панельді үйлердің құрылысы сапалы, жер сілкінісіне төзімді екенін айтады. Дегенмен олардың арасында да КСРО кезінде-ақ апатты деп танылған үйлер бар екен. 

"Қазір ескі үйлердің жанына жаңа үйлердің жапсарластыра салынатынын көріп отырмыз. Құдды "құмырсқаның илеуі" секілді тығыз орналасқан. Талап бойынша қауіпсіздік үшін көпқабатты үйлердің арасында бос орын қалуы керек. Бұл бір үй құлағанда екіншісін де құлатып кетпеуі үшін жасалады. Осындай "сары жолақтар" болуы керек. Бірақ бұл талаптың сақталғанын ешкім тексеріп жатпайды. Сонымен қатар үй құлағанда сынықтары қай жерге түсетінін арнайы формуламен есептеп шығарады. Құрылыс кезінде осы сынды талаптар орындалуы шарт", – дейді Айдын Ақбай. 

Маманның пікірінше, сәулетшілер сызбаларды барлық талаптарға сай етіп сызады. Дегенмен құрылыс компаниялары мен тапсырыс берушілер құрылыс материалдарына келгенде барынша қаржыны үнемдеуге тырысады. Сондай-ақ сәулетшілерге толыққанды зерттеу мүмкіндігі берілмейді екен. Салдарынан сапасыз үйлер бой көтеріп, тұрғындардың өміріне қауіп төнеді дейді. 

"Жапонияда немесе өзге елді алып қарасақ, құрылысқа бөлінген қаржының 10%-ы сәулетшілерге арналады. Ал бізде бұл сома 1%-дан да аспайды. Сәулетшілер үйдің сызбасы мен жоспарын әзірлеу кезінде халықаралық талаптарды басшылыққа алады. Ал оны қалай салады, құрылысы қалай жүреді, бұл тек тапсырыс берушілер мен құрылыс компанияларына байланысты", – деп түйіндеді Айдын Ақбай.  
Назархан Уән
Сәрсенбі, 08 Ақпан, 2023 10:40
Талқылау