Алматы тұрғыны Шымбұлақта сайға құлап кеткен
Алматы тұрғыны Шымбұлақта сайға құлап кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шымбұлақта сайға құлап кеткен ер адамды полицейлер құтқарып қалды. Сағат 19:00 шамасында полицияға бір жігіт хабарласып, тауда жүргенде сайға құлап кеткенін, өздігінен шыға алмай қалғанын айтқан. Жас жігіт дереу операторға өзінің орналасқан жерін жіберіп, телефонының қуаты бір пайыз қалғанын да ескерткен.
"Шұғыл хабарға бірінші болып әріптесіміз, полиция аға лейтенанты Әнуар Қашыбаев жауап берді. Бір минуттан кейін әріптесім, учаскелік полиция аға инспекторы Дархан Сары екеуміз дер кезінде жеттік. Бірге іздеуге кірістік. Қараңғы түсіп кеткен болатын, біз дыбыстарды басшылыққа алдық. Бір кезде біз төмен жақтан көмек сұраған дауысты естідік.
Жақын жерде мопедті көрдік. Ер адам абайсызда сайға құлап, құлаған шыршаның бұтақтарына ілініп қалғанын айтты. Жас жігіт қорқып, оның үстіне қатты тоңып қалған. Біз оның жанына түсіп, жылыту үшін киімдерімізді жауып, арнайы құтқару құралдарының көмегімен жігітті көтердік. Содан кейін ауруханаға тексерілу үшін жеткізілді", - деді учаскелік инспектор Асхат Рысбеков.
Жәбірленушінің курьер болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Сол күні кешке тау ауасымен тыныстап қайту үшін шатқалға шыққан екен.
Сонымен қатар, полицейлер тауға шығу кезінде сақтық шаралары мен жеке қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берді.