Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тауларында қауіп-қатерден қалай сақтанамыз: Құтқарушылар тәуекелі жоғары аймаққа шығатындарға кеңес берді

Алматы тауларындағы туризм – табиғат аясында демалу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар тәуекелі жоғары аумақ. Жыл сайын ондаған адам құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болады. Көп жағдайда бұған адами фактор мен базалық дайындықтың болмауы себеп болады. Осы тұста тауға шығатын туристтерге мамандардан кеңестерді ұсынамыз. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың басынан бастап Алматы қаласының құтқару қызметі таулы аймақта 179 шақыруға барды. Жүргізілген іздеу-құтқару операцияларының нәтижесінде 272 туристке көмек көрсетілді.

2020 жылдан 2025 жылдың сәуір айына дейін Алматы мен Алматы облысында 438 оқиға орын алды, 619 адам құтқарылды. 2023 жылдан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейін 392 адам құтқарылды. Олардың 100-і – балалар. 2020 жылдан 2024 жылға дейін тауда 17 адам қаза тапқан.

Іздеу-құтқару жұмыстары көбінесе туристер арасында танымал мына аудандарда жүреді: Үлкен Алматы шатқалы, Аюсай, Ассы үстірті, Кіші Алматы және Бутаков шатқалы, Сол жақ Талғар. Бұл бағыттар жеңіл болып көрінгенімен, ең көп шақыртулар дәл осы жерлерден келіп түседі.

Тау гиді, құтқарушы, альпинист, нұсқаушы, Shymbulak Outdoor резиденті Александр Голованов тауға шығуды жаңадан бастап жүргендер жиі жіберетін қателіктер туралы айтып берді.

“Ауа-райын ескермеу – ең қауіпті қателік. Адамдар ауа-райы болжамын қарап, "Бұлтты болса не болыпты, Алматыда күн ашық қойі. Сосын Көк Жайлауда нөсер жаңбыр құйып кетеді, ал олар футболкамен, қорғайтын жабдықтарсыз, су болған телефонмен қалады. Оның үстіне күші де жоқ, ал аяғында – кеды. Ал таудан кедимен түсу жарақат тудыруы әбден мүмкін.
Сондай-ақ жалғыз жорыққа шығу – өте қауіпті. Мұндайда тірі қалу мүмкін болмайтын жағдайлар да болады. Жыл мезгілдері ішінде төтенше жағдайлар көбінесе көктем мен жазда тіркеледі. Себебі бұл кезде туристік ағын артады. Жазда күн шуақты болып көрінгенімен, бұл – қате пікір. Себебі ауа-райы күрт өзгеріп, найзағай, нөсер, қатты жел, дауыл, бұршақ, кейде қар жаууы мүмкін”, – деді ол.

2020–2024 жылдар аралығында:

  1. Жазда – 206 оқиға
  2. Көктемде – 75 оқиға тіркелген.

Оқиғаларға себеп болатын негізгі факторлар:

  1. Бағдардың және нақты бағыт трегінің болмауы;
  2. Ауа-райы мен бағыттың күрделілігін дұрыс бағаламау;
  3. Сай келмейтін аяқ киім мен киім;
  4. Жалғыз жорыққа шығу;
  5. Байланыс ережелерін елемеу (жақындарына ескертпеу, телефон қуатының таусылуы, бағытты өзгерту);
  6. Үйге қайту уақытын дұрыс жоспарламау.

Құтқарушылардың кеңестері:

  1. Бағытты алдын ала зерттеңіз;
  2. Офлайн-карта мен GPS бар қосымшалар қолданыңыз;
  3. Су, тамақ, дәрі қобдишасы, жылы киім мен шам алып жүріңіз;
  4. Қайда бара жатқаныңызды және қашан қайтатыныңызды жақындарыңызға айтыңыз;
  5. Жағдай нашарласа, төтенше жағдайды күтпей, үйге қайтыңыз.

Тауға не киіп және не алып бару керек?

Тауда күн құбылмалы: таңертең ыстық болып тұрып, бір-екі сағаттан кейін жел тұрып, бұлт үйіріліп, жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Сондықтан негізгі принцип – киімді жағдайға қарап киіп-шешу үшін қабат-қабат киіну.

1. Базалық қабат – футболка немесе термокиім.

Ең дұрысы – синтетика немесе меринос жүні. Мақта жарамайды – ол тез су болып қалады және ұзақ уақыт бойы кеппейді.

2. Ортаңғы қабат – жылы киім.
Мысалы, флис кофта, жұқа күрте немесе жылы күрте.

3. Сыртқы қабат – жаңбыр мен желден қорғануға арналған. 

Мембрана күрте немесе жеңіл плащ қажет. Спорттық немесе треккинг шалбар – жазда жеңіл, тез кебетін түрі жақсы. Джинсы киюге болмайды – ауыр әрі су болса, ыңғайсыз. Шолақ шалбар киюге болады, бірақ биік шөп, бұта, жәндіктер қауіпті болуы мүмкін.

Аяқ киім – ең маңыздысы

Ең оңай бағыт болса да, протекторы жақсы треккинг кроссовка киіңіз – соқпақта сырғанамайсыз. Күрделі бағытқа шықсаңыз – тобыққабы бар бәтеңке киіңіз. Иә, сапалы аяқ киім арзан тұрмайды, бірақ жаңбыр астында немесе тайғақ жерде оның бағасы ақталады.

Рюкзакта болуы міндетті заттар

Күндізгі жорыққа арналған рюкзак көлемі – 15–25 литр. Бағыт жеңіл болса, шағынырақ болуы мүмкін. Бірақ міндетті түрде алып жүру керек заттар бар:

  1. Су — кем дегенде 1,5 литр (бөтелке немесе гидратор)
  2. Тамақ — бутерброд, жаңғақ, жеміс, энергетикалық батон
  3. Жаңбырдан қорғайтын плащ — күн ашық болса да алыңыз
  4. Күннен қорғайтын көзілдірік пен крем — тауда тез күйіп кетуіңіз мүмкін
  5. Дәрі қобдишасы — жапсырма, бинт, антисептик, ауырсынуға қарсы
  6. Маңдай шамы — қараңғы түскенде аса қажет
  7. Телефон және пауэрбанк — қуаты толы болуы керек
  8. Карта — офлайн немесе қағаз түрінде
  9. Жылы киім — мысалы, флиска
  10. Бафф — күннен, шаңнан, салқыннан қорғайды
  11. Қоқыс салатын пакет — табиғатты таза ұстау үшін
  12. Треккинг таяқшалар — әсіресе төменге түскенде пайдалы
  13. Қолғап — жазда да қажет болуы мүмкін: суық, жел кезінде

Нені алып шықпаған дұрыс:

  1. Артық киім – "Керек болып қалар" деп алып шыққан жүк тек кедергі болады
  2. Қиын техника – мысалы, дрон, экшн-камера (пайдалануды білмесеңіз)
  3. Газ баллондары, плиткалар, қазандықтар – егер бұл бір күндік жорық болса, қажет емес

Шығар алдында:

  1. Бағыттың картасы/трек бар ма?
  2. Жақындарыңыз қайда баратыныңызды және қашан келетіндігіңізді біле ме?
  3. Ауа райын тексердіңіз бе?
  4. Телефон мен пауэрбанк қуатталған ба?
  5. Төтенше жағдайда не істеу керегін білесіз бе?
  6. Құжаттарыңыз жаныңызда ма?

Есіңізде болсын: Ең жақсы жорық – қауіпсіз жорық. Тау – күш пен сабырдың мекені. Дайындықпен шықсаңыз, ол сізге тек қуаныш сыйлайды.

STAN.KZ
Жұма, 01 Тамыз, 2025 12:27
Талқылау
`