"Йоу, орыстар" әнінің авторына іздеу салынған": Алматы полициясы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша мәлімдеме жасады
Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебекке қатысты істің сатиралық басылымға еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: QazNews24
Ведомство Темірлан Еңсебекке қатысты сотқа дейінгі тергеу қандай айыптармен қаралып жатқанын түсіндірді.
"Ең алдымен, істі қозғау сатиралық басылымдағы жарияланымдарға қатысты емес екенін атап өткен жөн. Мұның себебі басқа. Ол бүкіл этнос өкілдерін қорлау арқылы ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырды. Бұл біздің көпұлтты елімізде жол берілмейді. Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полицияның баспасөз қызметі "құқық бұзушыны қолдау үшін бірнеше азамат рұқсат етілмеген жеке пикеттерге әдейі шығып, бұқаралық іс-шараларды өткізудің белгіленген тәртібін саналы түрде бұзды" деп мәлімдеді.
"Бұл әрекеттер де құқық бұзушылық болып cаналады және сот шешімі бойынша олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция "Йоу, орыстар" әнінің авторын іздеп жатқанын хабарлады.
"Тергеу қазіргі уақытта азамат Е. Instagram парақшасында жариялаған әннің авторларын анықтаумен айналысуда", – деп хабарлады ПД өкілдері.
Еске салсақ, бұған дейін сатиралық парақшаның авторы екі айға қамауға алынғанын хабарлаған едік. Кейін “Сатира қылмыс емес” деп плакат ұстап пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішеваны да 15 тәулікке қамауға алды.