Алматы облысындағы демалыс орнында құны 45,6 миллион теңге тұратын әжетханалар жарамсыз болып шықты
Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке көмектескен еріктілер туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады. Белгілі болғандай Кеген ауданы әкімдігі әрқайсысына 11,4 млн теңге төлеп алдырған стационарлық модульдік дәретханалар жұмыс істемейтін болып шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сурет pexels-тен алынған
Көлсай, Қайыңды және Есік көлдеріндегі демалыс орындарының инфрақұрылымын сынаған блогерлердің әлеуметтік желідегі видеоларынан соң еріктілер Кеген және Еңбекшіқазақ өңірлеріндегі туристік орындарды тексерді.
Еріктілер Кеген ауданы әкімдігі әрқайсысына 11,4 млн теңге төлеп, туристік алаң аумағында орнатқан стационарлық модульдік дәретханалардың іс жүзінде жұмыс істемейтінін атап өтті.
Тексергенде біреуінде жарық, су жоқ, тағы үшеуі тіптен жабық болған.
"Қоғамдық дәретханалардың жұмыс істемеуі және талапқа сай күтіп-ұсталмауы, сондай-ақ қызмет көрсетудің талапқа сай еместігі анықталды. Мысалы, Көлсай көлдері ұлттық паркінің аумағына кіру кезінде қызметкерлер кассалық орында қолма-қол ақшаны қабылдаған. Саты кентінен Қайыңды көліне дейінгі жолдың да қанағаттанарлықсыз жағдайы тіркелді. Соның салдарынан туристер көлге жету үшін жергілікті тұрғындардың қызметіне жүгінуге мәжбүр", – делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттік басқармасының таратқан хабарламасында.
Еріктілер жергілікті билік органдарына инфрақұрылымды жаңартуды ескере отырып, туризм саласын дамытудың кешенді стратегиялық құжатын әзірлеуді ұсынды. Одан бөлек, жол жүруге қолайлы жағдай жасау үшін облыстың санитарлық-гигиеналық құралдармен жағдайы мен қамтамасыз етілуін талдауды талап етті. Туристік нысандарға апаратын жолдарды салу және туристерді тасымалдау үшін Еуро-4 стандартынан төмен көлік құралдарын пайдалануды шектеу бойынша шаралар қабылдау, туристік орындарда ағаш дәретханаларды жою туралы бірнеше ұсыныс айтты.