Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында тағы бір сарбаз көз жұмды

Алматы облысында әскери қызметкер көз жұмды

Фото: istockphoto.com

5 қазан күні Алматы облысы бойынша департаменттің медициналық қамтамасыз ету бөлімінде Шекара қызметінің қатардағы сарбаз қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрасыл Ануардың әскери борышын өтеп жүргеніне небәрі бір апта болған. 

Туыстарының айтуынша, Нұрасыл Ануар 2025 жылғы 27 қыркүйекте мерзімді әскери қызметке шақырылып, Қарасай шекара бөлімінде қызмет атқарғып жүрген. Араға бір апта салып, әскерге өз аяғымен кеткен жігіт үйіне табытпен оралды. 

“Біз оны жібергіміз келмеді, жүрегіміз бір нәрсені сезді. Бірақ Нұрасыл Отанға қызмет етуді, азаматтық борышын өтегісі келетінін мақтанышпен айтатын. Ол үшін әскердегі қызмет – ел алдындағы абырой мен жауапкершілік еді”, – дейді марқұмның туыстары.

Алдын ала қорытындыға сәйкес, әскери қызметкердің өліміне менингококцемия себеп болған. Алайда отбасы бұған сенбейді. Себебі Нұрасыл бір апта бұрын сап-сау еді, туыстарына да оның ауырып жатқаны туралы хабарланбаған.

“Таңертеңнен бері денесін көре алмай отырмыз. Бізді бір орыннан екінші орынға жіберіп жатыр", — деп жігіттің тәтесі тілшілерге берген сұхбатында айтты.

Туыстары объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізіп, барлық мән-жайларды анықтап, қажетті шаралар қабылдануын сұрап отыр.

"Нұрасыл мейірімді, таза жүректі, адал әрі өте жарқын жан болды. Ол әділдікке сенді және өмірді жақсы көрді. Оның өлімі біз үшін орны толмас қайғыға айналды", — дейді туыстары.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді, сондай-ақ қызметтік тексеріс тағайындалғанын мәлімдеді.

“Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады”, – деп жазды ведомство.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 05 Қазан, 2025 11:53
Талқылау